Әлеумет

Суармалы жерлерді ұлғайту үшін не істеу керек?

Облыс аумағында еліміздегі барлық суармалы жердің он пайызы орналасқан. Тиімді пайдаланылса еліміздің нарығын сапалы азық-түлікпен қамту әлеуеті зор. Сұранысқа ие, басымдығы жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнімге қол жеткізуге табиғи-климаттық жағдай да мүмкіндік береді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялықмелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің 254 «Су ресурстарын тиімді басқару» бюджеттік бағдарламасының 108 «Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалау және мониторинг жүргізу» кіші бағдарламасы бойынша «Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйінің мониторингін және бағалау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Су ресурстары және ирригация министрлігінің №139-НҚ бұйрығына сәйкес өткен жылы мемлекеттік мелиоративтік мониторингімен облыс аумағындағы 235,6 мың гектар суармалы жерлер қамтылды.

Суарма лы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалау нәтижесінде 38,81 мың гектары қанағаттанғысыз, 62,62 мың гектары қанағаттанарлық және 134,15 мың гектары жақсы екені анықталды. Қанағаттанғысыз деп танылған суармалы жерлер негізінен жерасты су деңгейі жер бетіне жақын орналасқан, өте күшті және орташа тұзданған жерлер. Осындай тұзданған жерлерде грунт суының жер бетіне жақын орналасуы себепті қайта тұздану қаупін тудырады.

Қанағаттанғысыз жағдайдағы 38,81 мың гектар суармалы жерлердің 21,75 мың гектары жерасты грунт суының жақын орналасуы себепті. Мұндай жерлер негізінен ескі, инженерлік дайындықтан өтпеген суармалы жерлер. Осындай дәрежедегі суармалы жерлердің басым бөлігі (32,32 мың гектар немесе 60 пайыз) Жамбыл, Байзақ, Талас және Мойынқұм аудандарында.

Бұл аудандарда суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы аймақтың геологиялық құрылымына, сондай-ақ гидрологиялық және ирригациялық факторларға байланысты. Қанағаттанарлық дәрежедегі 62,62 мың гектар суармалы жерлердің жерасты сулары әлсіз тұзданған және терең орналаспағандықтан, агромелиоративтік шаралар негізінен жерасты суларының деңгейі көтеріліп кетпеуіне, күрделі тегістеу және суару жүйелерін қайта жөндеуге бағытталуы қажет. Мелиоративтік жағдайы жақсы дәрежедегі 134,15 мың гектар суармалы жерлер топырағы тұзданбаған, жерасты сулары әлсіз тұзданған және төмен орналасқан. Мұндай жерлерде топырақтың құнарын арттыруға бағытталған агромелиоративтік шаралар жасалуы тиіс.

Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалауда жерасты суларының деңгейі мен тұздылығы, топырақ жамылғысының тұздану дәрежесі сияқты негізгі гидрогеологиялық және топырақ-мелиоративтік көрсеткіштері есепке алынды. Соңғы жылдардағы мәліметтерді талдау нәтижесі мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз жерлердің қысқарып келе жатқанын көрсетті.

Бұл негізінен суармалы алқаптарда ірі инвестициялық жобалар аясында және су шаруашылығы мекемелерінің пайдалану шығындарының есебінен суару жүйелерін қалпына келтіру немесе қайта құру жұмыстарын орындау нәтижесінде, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің агротехникалық шаралар кешенінің сақталынуын жақсартуға байланысты.

Мелиорация саласындағы ғылыми ұсыныстар мен әзірлемелердің негізінде мелиоративтік жағдайы қанағаттанғысыз суармалы жерлерді жақсарту, сондай-ақ олардың құнарлылығын сақтау және арттыру мақсатында келесі мелиоративтік шараларды орындау ұсынылады.

Олар:

– жерасты суларының деңгейі шектен тыс жоғары болған 21,75 мың гектар суармалы жерлерде фильтрациялық ысыраптарды азайту және аумақты құрғатуды жақсарту мақсатында суару және коллекторлы-дренаждық жүйелерді қалпына келтіру;

– орташа және күшті дәрежеде тұзданған 11,37 мың гектар суармалы жерлерде 8-12 мың м3/га мөлшерінде (топырақтың механикалық құрамына байланысты) профилактикалық және ылғалдандыратын сор шаю жұмыстарын (тік дренажды ұңғымаларды іске қосу арқылы) жүргізу қажет;

– су жетпейтін барлық жерлерде және жалпы су ресурстарының тапшылығы үнемі өсіп келе жатқанын ескеріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын суарудың су үнемдейтін әдістері мен технологияларын енгізу, сондай-ақ коллекторлықдренаждық суларын ішінара қайта пайдалану;

– ұйымдастырушылық-шаруашылық себептермен пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді, нақты себептерін анықтап, мемлекеттік қолдау арқылы пайдалануға енгізу қажет.

Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу мақсатында егіс құрылымында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды, сұранысқа ие басымдығы жоғары дақылдармен ауыстыруды жалғастыру керек.

 

Қажымұқан ҚОЖАНОВ

«Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл бөлімінің басшысы