Әлеумет

Отанды сүю – туған жерге деген махаббаттан басталады

Президентіміздің «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дегені еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың, ауыл түлектерінің жүрегіне жетер жылы сөз болды. Осындай қасиеттер бойына сіңген, бүгінде «Қордайдың атымтай жомарты» атанған кәсіпкер Сәрсебек Салыбаевтың жомарттығы, қолының ашықтығы, қайырымдылығы көпке үлгі болып отыр. Оның өмірлік ұстанымы – адамға жақсылық жасау.

Қарапайым малшы отбасында өскен Сәрсебек Салыбаев еңбекке ерте араласты. Шопан ата төлінің бағы мен бабын тапқан ата-анасының тәулікке қарамайтын тынымсыз еңбегі – отбасындағы он баланың да бойына дарығаны содан болса керек. Мектептің соңғы сыныбында трактор мен комбайнның рөліне отырып үлгерген Сәрсебек мал төлдеген уақытта сақманнан да табылатын.

Дегенмен, ата-анасының білім ал деген ақылына құлақ түріп, алдымен Красногор совхоз техникумын механикұйымдастыру бөлімін, кейін Алматы ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойыншы сырттай бітіріп алады. Бірақ, еңбек жолы басқа арнаға ауып 1982 жылы республикалық автоиспекцияға старшина лауазымында жұмысқа қабылданады.

Айтулы азаматтың МАИ саласындағы еңбек өтілі 30 жыл. Шені – полиция майоры. 2002 жылы зейнетке шыққан соң заман көшінен қалмаған кейіпкеріміз кәсіпкерлікті қолға алады. Әрине, нарықтың өз талаптары, бағынар заңдары да бар. Алғашқы жылдары түрлі кедергілер болғанымен, оған еш мойымаған Сәрсебек Салыбаев бүгінде кәсібін дөңгелеткен ірі кәсіпкер. «СССР» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі. Алдында «Аружан» тойханасын салса, кейін «СССР» деген кешенді тұрғызады. Бүгінде бұл кешенде монша, бассейн, түрлі бу бөлмелері, бильярд, спорт зал, массаж, шаштараз, асхана тұрғындарға тұрақты түрде қызмет көрсетіп тұр.

Осылайша өзінің де кәсібін дөңгелетіп, өзгенің де кем-кетігін түзеп жүрген Сәрсебек ағаның жомарттығы ел ішінде аңыз әңгімеге айналғалы қашан?! Әрине, кәсіпкер болған соң алдына жағдайын айтып, көмек сұрап, демеушілік жасауын өтініп келетін қайырылушылар көп болары анық. Бірақ жомарт азамат ешкімнің қолын қайтарып, мәселесіне бей-жай қараған емес. Осыдан біраз жыл бұрын үйсізкүйсіз жүрген төрт отбасына үй салып берді. Ол жолы аудан әкімдігі жер телімін бөліп, құрылыс кәсіпкердің күшімен жүргізілген болатын. Арада біраз уақыттан соң тағы да осындай игі іс жасады. Ол жолы жер телімі бөлінбей, ол өз ауласының бау-бақша аймағынан үй тұрғызып, үш отбасына ыңғайлы етіп, үш жағынан есік ашып беріп, тұрғындардың алғысын алды.

Әрине, бұл үйлердің барлығы екі-үш пәтерлі үйлер болатын. Тағы бір азаматқа жер телімін алуға көмек қолын созып, құрылыс материалдарымен көмектесті. Бұдан бөлек өзінің 15 шақты туысы, ағайынына үй салып беріп, құрылыс материалымен көмек көрсеткен. Жыл сайын Құрбан айт, жаңа жыл мен Наурыз мерекелерінде жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік пакет таратып, ет пен азық-түлік, қажетті керекжарағын түгендеп отыратын сауапты ісі тағы бар.

Әне бір жылы, яғни пандемия кезінде ел бір дүрлікті ғой. Сол сәтте сертінен таймаған Сәрсебекке аудан әкімдігі халыққа үндеу жасаңызшы деп өтініш жасайды. Сөйтіп, Сәрсебектің бастамасымен ауыл кәсіпкерлері Жайық Манасбаев, Мұхтар Әлімбаев, Сергей Сидоренко тағы басқалары бар 16 миллион теңге жинап, науқастарға өте қажетті ИВЛ аппаратын алып берді. Сондай бір қиын сәтте елдің жанынан табылатын Сәрсебек Сұлтанәліұлы кәсіпкерлік нысанындағы асханаларда ас дайындатып, күнделікті кезекшілікте тұрған 250 дәрігерлер мен науқастарға тамақ жөнелтіп отырды. Қызметі мен тауарына бір тиын алмастан қайырымдылық жасауды ол өзінің азаматтық мұраты деп білді. Кейін аудандық ауруханада науқастарға төсек орны жетпей жатқанын естеп, 120 төсек орынды көрпе-жастығымен қамтамасыз етті. Міне, азамат! Бұл біздің ауыз толтырып айтып отырған Сәрсебек ағаның игі істері.

«Жақсылық жасасаң – көрсетпей жаса» деген. Біз білмейтін жақсылығы қаншама десеңізші?! Осыдан екі жыл бұрын қыс айында Қордай асуында жол жабылып, үш күндей 500-ге жуық көлік жолда қалды. Оның ішінде 150-ге тарта көлік асудың биігінде қалып, қыс қаһарына мініп, мыңдаған жолаушы ұйытқыған боранның «тұтқынына» айналды. Бұл оқиға құлағына жетісімен бір орнында отыра алмаған Сәрсебек аудандағы кәсіпкер әріптестері Мұрат Өсербаев, Мади Нұрмағамбетов бас болып сонда жетеді.

Жолда қалған жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырып, аяғы ауыр әйелдер мен балаларды аудан орталығына жеткізеді. Тіпті, сол жолы бір келіншек перзентханаға жетпей босанып қалды. Сәкең сол жолы «СССР» кәсіпкерлік кешеніндегі спорт залды жолаушыларға лайықтап, 300 адамды орналастырады. Қалғандары мектеп, балабақша ғимараттарына орналасады. Иә, бұл да бір үлкен сауапты іс.

Өзінен бұрын өзгенің жағдайын ойлайтын жаны жайсаң Сәрсебек Салыбаев жетекшілік ететін кәсіпкерлік нысан 2021 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз – 2021» конкурсында шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі санатында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында қола жүлдегер атанды. Өмірлік жары Индира екеуі алты ұл-қыз тәрбиелеп, ұрпағынан он немере сүйіп отыр. Шаңырағы шаттыққа бөленген жанұя.

Сәрсебек Салыбаевтың ендігі арманы – елімізде туризм саласын дамытуға күш салсам дейді. Егерде астана төрінен жер телімін бөліп беріп жатса, нағыз туристерге арналған қазақы нақыштағы саябақ салар едім дейді кейіпкеріміз. Оны да өз қаржысына салмақшы.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Қордай ауданы