Халықтың игілігіне арналған қаржы орынды жұмсалуда
Республика – ұлтына, дініне қарамастан бір мемлекетті мекендеген бүтін бір елдің ортақ шаңырағы. Барлық азаматтары жасына лайықты білім алып, қажет кезде емделіп, дәрігерге қаралуға және өзге де өмірге қажетті қызметтерді алуына мемлекет тарапынан керекті қаржы бөлініп, тұрғындарға жайлы жағдай жасалады. Халықтың игілігіне арналған осындай қызметтер үшін бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артпаса кеміген емес. Ол қаражат ортақ қазынадан бөлінетіндіктен қадағаланып отырады. Ал, ортақ қазынаға елдегі өндіріс, кәсіпорындары, ауыл шаруашылығының тапқан табысына қарай түсім түседі. Мысалы, биылғы 9 айда облыс бюджетінің кірістері 577,6 миллиард теңге, яғни 100,5 пайыз көрсеткішпен жүзеге асқан. Жоспар 3,1 миллиард теңгеге артық орындалған.
Облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің мәлімдеуінше, меншікті кірістер 105,1 пайызға орындалып, 7,8 миллиард теңге жоспардан артық түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға немесе 24,8 миллиард теңгеге өскен.
Ал, өңірдің осы уақыт аралығындағы, яғни қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтікэкономикалық дамуы оң көрсеткіш байқатты. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 1550,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, тұтыну бағаларының индексі 109 пайызды құраған. Елдің қамына көзделген қаражаттың мақсатына лайықты жұмсалуы, түсімнің артуы – республикамыздың әлеуетінің ілгерілеуін байқатады.
Қамар ҚАРАСАЕВА