Экономика

Дархан даламыз электр қуатын өндіруге өте ыңғайлы

Жыл санап облысымызда «жасыл экономика» белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда. Мәселен, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының облысымызда алар орны ерекше. Бұл станса 2014 жылы Отар елді мекені жанынан салынған еді. Оның инвесторы – «ҚазЭкоВатт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт.

Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының жылдық қуаттылығы – 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы 7 мегаватқа жеткен. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтергенін атап өткен жөн. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШСның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.

Облыстың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 450 мегаватт болса, оның едәуір бөлігі жел, күн, су тәрізді экологиялық жағынан таза баламалы қуат көздерінен өндіріліп отырғаны үлкен жетістік. Оның ішінде жылына 50 миллион киловатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы Қордай жел электр стансаларының үлесі артып келеді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, аймақта табиғи ресурстарды тиімді пайдаланатын жобалар артыпты. Олардың ешбірінен табиғатқа зиян келмеген.

Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс атқарады. Станса толық қуатына көшкенде ауданның 25 пайызын электр қуатымен қамтуға қауқарлы екен. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электр стансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын «Меркі» СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Ғарыштық жылдамдық пен қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта электр қуатының қажеттілігі орасан зор.

Атап айтқанда, экономикамыздың өрлеуі де осы қуат көзіне тәуелді. Бұл ретте баға жетпес әрі сарқылмас байлық, ол – баламалы энергия екені белгілі.

Басқарма басшысы Ғалым Исақов айтқандай, бүгінге дейін Жуалы ауданында жүзеге асырылған қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-нің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылатынын жоғарыда айттық. Одан кейін су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Оның бірі «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы болса, екіншісі «Ақсай» каналының бойынан соғылатын қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы.

Атап айтсақ, «Көксай» каналының бойынан салынатын су электр стансасының жобалық құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Инвесторы – «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Серіктестік тарапынан стансаның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Өкінішке орай, бүгінгі таңда оның қалған кезеңдерінің құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Ал «Ақсай» каналының бойынан салынатын жаңа су электр стансасының инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Бірақ бұл жобаның да құрылыс жұмыстары әлі бастала қоймаған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ ниетте.

Ал жел электр стансасы бойынша Сарысуда қытайлық «China Power» компаниясы табысты жұмыс істеуде. Жалпы Сарысу ауданында соңғы алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр стансаларын салумен қатар оны басқарумен айналысып келеді. Олардың ауданда салған 100 мегаватты «Жаңатас» жел электр стансасы бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұр. «Жаңатас» жел электр стансасы» ЖШС бас директоры Гуо Кимнің айтуынша, Сарысу ауданында жүзеге асырылған жел электр стансасында жылына 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Жалпы станса Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары Қытай Халық Республикасынан әкелініп орнатылған. Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40-тан аса жел энергетикалық блок, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салынған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ