Жаңалықтар

Жамбыл ауданында жақсы жаңалық көп

Мемлекет тарихындағы аса маңызды айтулы мереке – Республика күні қарсаңында Жамбыл жерінде де жаңа нысандар ашылып, іске қосылды. Солардың бірі – күні кеше пайдалануға берілген Аса ауылының кіреберісіндегі мәдени-демалыс кешені. Ат шаптырымдай нысан аумағында балалар-жасөспірімдер орталығы, аудандық кітапханалар жүйесі мен аудандық архив ғимараты орналасқан. Сондай-ақ мұнда жергілікті тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстауға үндейтін футбол, волейбол және баскетбол алаңшалары да бар. Бұдан бөлек кешендегі саябақта жамбылдықтардың кешқұрым бір мезгіл серуендеуі үшін барлық жағдай жасалған. Нысанның ресми салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан басшылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Әуелі кешен аумағын аралап көрген аймақ басшысы соңғы кезеңде аталған өлкеде барлық салада айтарлықтай өсім бар екенін айтты.