Мәдениет

Оларды түсіну үшін көзіме орамал байлап жүрдім

Қоғам екіге бөлінгенімен, Құдай алдында адамның барлығы бірдейміз. Сондықтан жаратылысы бөлек жандарға қашанда жанашар болған абзал. Себебі жарық дүниенің дидарын көре алмаса да көкірек көзі ашық зағип жандар аз емес. Олардың да оқығысы, білгісі келетіні заңдылық. Мен зағип жандардың өмірге құштар болатынын, үнемі бірдеңе үйреніп, жаны өнерді қалап тұратынын олардың ортасында жүрген жылдары анық байқадым. Негізгі менің мамандығым журналист болғанымен, тағдырдың талайымен өзім сүйіп қалаған мамандығыммен ұзақ жылдар жұмыс істеу маңдайыма бұйырмады. Сөйтіп, әртүрлі саланың тізгінін ұстай жүріп, 2022 жылы облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханаға жұмысқа келдім.

Мекеменің атауы айтып тұрғандай, мұнда маған көзі нашар немесе мүлдем көрмейтін оқырмандармен жұмыс істеуге тура келді. Ал зағип жандардың білім нәрімен сусындайтын жалғыз орны – арнаулы кітапхана ғана.

Алғашқысында жүріс-тұрысы ебедейсіз, қимылдары баяу, көңіл-күйлері лезде ауыспалы зағип азаматтардан қорқатынмын және оларға аянышты күйде қарайтынмын. Кейін көзім де, бойым да үйреніп олардың жанары көрмесе де жүрегінде, көкірегінде жарық барын білдім. Олармен етене араласып, сөйлесе бастадым. Бірде бір оқырман: «Сіз неге бізден қорқасыз, үнемі қашып жүресіз?» деп сұрады. Сол күннен бастап, екеуміз зағиптардың өмірі, сезімдері, болмысы турасында жиі әңгімелесетін болдық.

Менің зағип оқырмандарға деген ықыласым өзгерді. Сөйтіп сол кісілердің өмірін жақсартуға арналған жобалар ойлап табу үшін ізденіске кірістім. «Инклюзия және театр» жобасы осылай өмірге келген еді. Мен үшін бұл жай ғана жоба емес, бұл менің жүрегімнің бір бөлігі десем артық айтқандық емес. Жобам кітапхана басшылығы мен әріптестеріміздің арасында да қызу қолдауға ие болды. «Инклюзия және театр» жобасы №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларының қатысуымен бастау алды. Жобаның жүзеге асуына интернат директоры Эльмира Жақсылыққызы көмегін аямады.

Аталған жоба арқылы біз зағип оқушыларды кітапханамен байланыстырып, түрлі іс-шараларға қатыстыру арқылы театр өнеріне, мәдениетке және кітап оқуға баулыдық. Есту, көру, жүру немесе сөйлеу жағынан қиналатын балалар дені сау замандастарымен ойнай алмай, көптеген мүмкіндіктен айырылады. Ерекше балаларға ата-ананың ғана емес, қоғамның да ықыласы қажет. Осы шектеулерді жойып, қоғаммен қарым-қатынастың есігін ашу үшін балаларға арналған инклюзивті театры – таптырмас жоба десем артық айтқандық емес. Жобаға қатысушы оқушылар актерлік өнердің қыр-сырын меңгеру, жұрт алдында өзін дұрыс ұстай білуге, өз ойын жеткізе білуге дағдыланды. Түрлі байқаулар мен театрландырылған көріністерге қатысуға мүмкіндік алды.

Жоба үш бағытта жүргізілді.

1. Теориялық түсініктеме;

2. Арнайы ойын түріндегі жаттығулар;

3. Тәжірибе жүзінде қойылымдарды сахналау.

Алғашқы теория жағына келсек, актер және сөз өнері, театр тарихы, актерлік шеберлік, театр өнері ішіндегі көптеген мамандық бойынша мағлұматтар беріледі.

Екінші бағыт ойын түріндегі жаттығуларға құралған. Бұл жобаға қатысушы баланың зейінін, ойлап табу қабілетін, серіктесін түсіне білу түйсігін, көпшілікті көре, сезе, бағалай білу қабілетін арттырады, яғни сахнаға қатысты әрекеттердің барлығын меңгеруге көмектеседі. Сонымен қатар оқушы бойындағы қысылу, ұялу, қымтырылу, құрысыптырысу секілді сезім түрлерінен арылуға және атқарылар әрекеттерді тез, еркін, шапшаң, іштей сезіп орындауға баулиды. Ойынға этюд, жануарларды сомдау, түрлі жағдайларға төселу жаттығулары кіреді. Үшіншісі, тәжірибе жүзінде қойылымдар сахналау. Әрине, ең қызық әрі күрделісі оқыпбілгендерді көпшілік назарына ұсыну.

Бұл тұрғыда ең алдымен шығарманы жоба қатысушыларына толық дауыстап оқып береміз. Олар өз ойларымен бөлісіп, кейіпкерлердің мінезқұлқын, дене пішінін талқылайды. Жетекшімен бірлесе рольге бөлеміз. Барлығы мәтінді толық жаттап алған соң әрекетке көшеміз. Ең алдымен зағип оқырмандардың көру қабілетіне қарай тұрғызамыз. Ондағы мақсат – бірін-бірі демеп қолдау, жетектеп жүру сынды әркет жасауға көмек беру. Жетекші сахналық қозғалысты нақты анықтап алған соң қадамдарды есептеп, балаларға қадам бағытын жаттатады.

Жоба аясында сахналанған ең ұтымды жұмыстардың бірі – Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» атты әңгімесі. Қойылым алғаш рет кітапхана тарапынан Шерхан Мұртазаның «Ауылды, сені сағынам…» атты браиль кітабының тұсаукесер рәсімінде арнайы сахналанды. Кейін, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты драма үйірмелері фестиваліне қатысып, «Қызыл жебе» аталымымен және жоба қатысушысы Баубек Шархат «Үздік басты роль» дипломымен марапатталды. Сонымен қатар М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті педагогикалықәлеуметтік ғылымдар факультетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының ұйытқы болуымен өткен «Жалынды жас – дарынды ұрпақ!» атты IIІ-ші мектепаралық өнер фестивалінде «Ең үздік өнер ұжымы» ретінде танылды.

Жобаға қатысушылар бұдан басқа да кітапхана тарапынан ұйымдастырылып жатқан көптеген іс-шараларда өнер көрсетті. Мәселен, жергілікті жазушы, журналист Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» атты бенефис кешінің және Брайль туындысының тұсауын кесу рәсімінде «Тәтті мұң» кітабы желісімен сахналанған эллегиялық қойылымды көпшілік назарына ұсынды.

Журналист, балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың 85 жылдығы аясында «Ақынға 100 сұрақ» форматында «Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту» атты әдеби кеште «Еріншек бала» шығармасынан сахналық қойылым көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Үміт Битенованың мерейтойына орай «Мен сол кезді аңсаймын» деп аталатын әдеби кеште ақынның танымал «Мені ойлап қам жемеші, мама» атты әніне заманауи үлгідегі көлеңкелі көріністерді сахналады.

«Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» педагогикалық ұжымдар көркем өнерпаздары шығармашылығының VIII облыстық фе стивалінде «Инклюзия және театр» жобасының қатысушылары Т. Рысқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған шағын қойылымда өнер көрсетті. Сондай-ақ әйгілі тарихшы, ұлы ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдық мерейтойына орай «М.Х. Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» тақырыбында өткен оқу конференциясында «Дулати бейнесі» атты сахналық көріністі ұсынды. Жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақұлбек Рысдәулеттің туғанына 75 жыл толуына орай қаламгердің «Қамшы» шығармасынан үзінді көрсетілді.

Бұдан бөлек жоба қатысушылары облысымыздан шыққан көптеген қаламгерлердің шығармашылығынан сахналық қойылымдар әзірледі. Мәселен, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың мерейтойына орай «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» деп аталатын әдеби кеште ақынның балалық шағынан үзік сыр шертетін қойылым сахналанды.

Биылғы мамыр айында жобаның үш жылдық көрсеткіші ретінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында «Жүрекпен оқыған шығарма» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауын ұйымдастырдық. Сайыста «Ер, Бәуке», «Оян, қазақ!», «Махаббат мұнарасы», «Ай мен Айша» және «Жусан иісі» атты шығармалардан үзінділер сахналанды. Бес сыныптың оқушылары бір-бірімен жарысқа түсті. Бұл байқау жобаның үш жылдық қорытынды қойылымдары ретінде көрерменге жол тартты.

Аталмыш байқауға балаларды дайындау оңайға түспеді. Себебі, біз жұмысқа наурыз айында офлайн кірістік, алайда ол айдағы мерекелік дата, балалардың каникулы жұмысымызға аздап кедергі болды. Ал сәуір айында мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүруіне байланысты қойылымдарға дайындықты онлайн жүргізуге тура келді. Оның өзі кешкісін балалардың сабағына, менің жұмысыма кедергі болмаудың амалын жасадық.

Күнде кешкісін 5 сыныппен бір сағаттан әр сыныптың қатысушыларымен топтық видео эфирге шығарып мәтінмен жұмыс істедік. Қимыл, әрекет артта қалып қойды. Эфир біткен соң әр баламен жеке сөйлесіп, өзі сомдайтын образды жүрегіне, санасына құюға тырысып бақтым. Нәтижесінде барлық қатысушы өзіне берілген рольді тамаша алып шықты. Олардың сол күнгі эмоцияларын сөзбен жеткізе алмаймын.

Қуаныштан жүздері балбұл жанып, қобалжумен бірге үміт те болды. Балалардың бұл арманын орындауға сол кезде қолдау көрсеткен, театр ғимаратын беріп, реквизит, костюмдермен, музыкамен әрлеуге көмектескен А. Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры А. Тәжиевке және ұжымына алғысым шексіз. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін театр ғимаратында, театр сахнасында өнер көрсету мерейлі мәртебе. Үлкен театр сахнасында небәрі 10-15 минуттан тұратын шағын қойылым сахналаса да зағип жандар өздерін нағыз актердей сезінді.

Байқау аяқталған соң әр баланың ата-анасы мені құшағына қысып, балам үшін жасаған әр еңбегіңіз үшін мың алғыс деп ықыластарын үсті-үстіне білдіріп жатты. Сол күні қуанышымда шек болмады. Оның барлығын еселі еңбектің жемісі, жобаның нәтижесі деп білдім.

Жасырмаймын, зағип оқырмандармен жұмыс істеу оңай емес, дегенмен ол кісілерден де көп нәрсе үйренесің. Мен ең алдымен тәкаппар болмауды, айналаңа қанша қиындық келсе де махаббатпен қарауды, өзгеге қастандық жасамақ түгілі оны ойлаудың өзі ауыр екенін, өмірде еш қиындыққа сынбауды, өзіңді ғана емес өзгені де сүйе білуді, адамдарды мансабына, ақшасы мен талғамына қарай емес, адамдығына байланысты құрметтеу керегін түсіндірді. Өйткені зағип жандар жүрегіне тек сондай адамдарды ғана жақындатады. Олардың көзі көрмейді ғой, нені біледі деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда олар барлығын байқайды.

Ішіндегі сырын көп адаммен бөлісе бермейді. Сондықтан ең алдымен шынайылық, олардың жанын ұғуға деген табандылық қажет. Мен де жобаны жүзеге асыру барысында мұндай мәселелермен бетпебет келдім. Өз-өзіммен алыстым, ерекше жандармен жұмыс жасау барысында оларды түсіну, сезіну үшін зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Тіпті көзіме қара ормал тағып жүріп көрдім. Өйткені олардың ішкі жандүниесін білгім келді.

Көзі көретін жандар мен жанарсыз жанның айырмашылығын толық ұққым келді. Солай бірнеше күндер бойы көзіме орамал байлап, өзіме үйреншікті жерлерді жағалап жүруді, үйдегі шаруаны есімде қалған заттардың орнымен жасап көрдім. Өте қиын екен. Алғашқысында қорқынышты, бойыңды біртүрлі үрей билейді, шарасыздық, бірдеме істейін десең алдыңда кедергілер толып тұрған сияқты. Алайда оның да өз ерекшелігі бар.

Ең бастысы, сен өзіңді естисің, жүрегіңнің дүрсілін сезесің, санаңмен сөйлесесің. Қоршаған ортаны дыбыспен, түрлі иістермен тани бастайды екенсің. Дегенмен бұл дертті ешкімге тілемес едім. Мына жарық дүниенің шексіз бояуын көрудің өзі Алланың сансыз сыйы емес пе? Осы зерттеулердің нәтижесінде «Инклюзия және театр» жобасы аясында әдістемелік құрал әзірленіп, шығарылғаны болмаса жоба жұмысы әзірге тоқтап тұр. Оған себеп – менің арнайы кітапханадан басқа жұмысқа ауысуым.

Алдағы уақытта жаңа мекемеде жұмыстарымды реттеп, жолға қойғаннан соң бұл зағип оқушылар білім алатын мекеменің ұстаздарына арнап әдістемелік оқу құралын шығарсам деген арманым көкірегімде сайрап тұр. Бастысы, Алла күш-қуат берсін. Балалармен де байланыстамын, аналық жүрегіммен бастаған бастамам аяқсыз қалмайтынына кәміл сенемін.

 

Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА

«Білім» кәсіби гуманитарлықтехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.