Еңбек адамы

Бағбандығын балаларына үйретіп жүр

Өмір салты мен ұстанымы – жас буынға үлгі-өнеге еңбек ардагері, бағбан Оразалы Күзембаев үй іргесіндегі жерінде бау-бақша баптап, жүзім өсіруде. 80 жасты еңсерген еңбек ардагерінің балалық шағы қасиетті Жуалының табиғаты көркем аймақ Шыңбұлақ тауының бауырында өтті. Онда әкесі Күзембай ақсақал сол маңдағы тау орманшысы еді. Олар отырған қойнау Күреңбел аймағындағы бұрынғы «Чапаев» колхозы мен М.Горький колхозының дәл шекара тұсында орналасқан табиғаты көркем жер болатын.

Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны Оразалы ақсақалдың тағы бір қыры – оның бау-бақша баптайтын бағбандығы. Ол біраз жылдан бері үй іргесіндегі жерін тиімді игеріп, шағын ғана шарбақта бау-бақша дақылдарының біраз түрін өсіруді әдетке айналдырғанын айтады. Ерте көктемнен қияр мен қызанақтың, басқа да көкөністердің көшетін өз қолымен өндіріп, оны дер шағында жерге қондырып, жаз бойы күтіп-баптау – кәнігі бағбанның жылдағы дағдысы. Бұл – бір жағынан еңбек ету арқылы жастарға үлгіөнеге көрсету болса, екінші жағынан денсаулыққа пайдалы экологиялық таза өнімді жыл бойы тұтынудың бірден-бір кепілі.

Экологиялық өнімді өсіріп-өндіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл үшін тек еңбек етіп, үй іргелік жерді тиімді пайдалансаң жетіп жатыр. Қарияның шарбағы ауылды кесіп өтетін үлкен сайдың жағасында орналасқан. Еңбекқор ақсақал бақшаны суғару үшін сайдан су шығарудың да тиімді тәсілін тапқан. Ол үшін үш бірдей су моторы іске толығымен жарап тұр. Шарбақтың сай жақ беті (күншығыс жағы) түгел алма бақ. Оның ішінде қыстық алма ағашы көп. Одан беріректе орналасқан бақшалықта маусымдық дақылдардан картоп, құлпынай, таңқурай, қызанақ, қияр, сарымсақ пен пияз, жүгері егіледі.

Оразалы ақсақал үнемі ізденісте жүретін кісі. Оның дәлелі ретінде жүзім өсіретін қырын да айтуға болады. Ол бірнеше жылдан бері өз үйінің ауласында жүзім өсіреді. Жүзімнің «Черный мускат» деп аталатын тұқымын Өзбекстанның Әндіжан аймағында тұратын ұлты орыс досы бұрынырақта әкеліп берген екен. Жүзімнің осы түрін тұқымынан (сабағынан) тамырлатып, көбейткенін айтады тәжірибелі бағбан. Қазір қарияның ауласында өңір табиғатына жерсіндірілген жүзімнің бірнеше дана ағашы өсіп тұр. Ол жыл сайын жеміспен бірге үйдің ауласына да ерекше сән береді. Әлбетте, жүзімдікке күтім жасау оңай жұмыс емес.

Жемістерін жинап алғаннан кейін күзде алғашқы суық түсе жүзім ағаштарын жерге жығып, су өтпейтін арнайы материалмен жабу қажет. Көктемде күннің көзі көрініп, жылына салысымен, ағашты топырақтан аршып алып, жоғарыға ілу керек. Сонда ғана жүзімдіктің сабағы өркен жайып, жақсы өседі. Жақсы өскеннен кейін тиісінше, өнімді де мол береді. Ол биыл жүзім ағаштарын екі мәрте минералды тыңайтқышпен қоректендіргенін айтады.

Бағбанның жүзім баптаудағы өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Жүзімнің сабақтары мен жапырақтары «Биормелиорант», «Медный купорос», «Топаз» препараттармен жиі-жиі өңделіп отырады. Жеміс салған өнім тамыз бен қыркүйек айының аралығында толық пісе бастайды. Оразалы қария жүзімнің жемісін сатпайтынын айтады. Балалары мен немерелерінен артылғанын туғантуыстарымен бөліседі. Біле білгенге, бұл да жақсы өнеге. Бағбан өз сөзінде қолындағы қос немересі Әлихан мен Нұрдәулетті еңбекке баулып, өсіріп жатқанын жеткізді.

Жуалы өңіріне «Аңшы Ораз» болып танылған Оразалы Күзембайұлының негізгі мамандығы – механика, техника саласына қатысты. 1964 жылы училищеден механизатор мамандығын, бір жылдан кейін жүргізуші мамандығында оқып, куәлік алады. Әскерде жүргенде құрылыс батальонында автокранның жүргізушісі болды. Кейіннен ауданның құрылыс мекемелерінде бірнеше жыл автокраншы болып жемісті еңбек еткен ол 1970 жылы аудан орталығы Б. Момышұлы ауылынан (онда Бурное селосы) пәтер алып, осында көшіп келіп, орнығады. Иә, ол тұста ауданда аңшылық инспекциясы жұмыс істейтін.

Оразалы аға сол мекемеде бірнеше жыл бақылаушы болып еңбек етті. Ара-арасында басқа мекемелерде аз уақыт жұмыс істегені болмаса, кейіпкеріміздің зейнетке шыққанға дейінгі саналы ғұмыры аудандық аңшылық инспекциясында өтті. Жеті жылдай осындағы су шаруашылығы мекемесінде эксковатор жүргізіп, 1983 жылдан Кеңес Одағы ыдырағанға дейінгі уақыт аралығында Жуалы аудандық аңшылық инспекциясының төрағасы болып жемісті еңбек етті.

Сол кезеңде оның қасиетті өңір табиғатының сақталуына, аң-құстың және су маржандарының көбейіп, биологиялық тұрғыдан өсіп-өнуіне үлкен еңбек сіңіргені анық. Ол «Теріс- Ащы бұлақ» су қоймасында бақылаушы-кассир болып еңбек еткен жылдары су айдынында балық ұстайтын әуесқой балықшыларды су маржандарының көбеюіне атсалысуға шақырды. Балық аулаудың қыр-сырын жас балықшыларға үйретуден де жалыққан емес. Табиғатқа деген шын жанашырлығы сол емес пе, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы судың бір бөлігі тартылып, балықтар қайраңға шығып қалған кездерде ешкімнен ешқандай бұйрықты күтпейақ балықтарды арнайы су құйылған бөшкеге салып, өңірдегі өзге де су айдындарына талай рет тасыды.

Оразалы аға бұл жұмыстардың барлығын ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі атқарған. Ендеше, кейіпкеріміз секілді еңбек адамының өмір салты мен ұстанымы – жас буынға молынан үлгі-өнеге болары анық.

 

Ерман ӘБДИЕВ