Қарызсыз қоғам қалыптастырудың кепілі қандай?
Қазіргі нарықтық экономика мен қаржылық қызметтердің кең тараған заманында әрбір азаматтың өмір сүру сапасы оның қаржылық сауаттылық деңгейіне тікелей байланысты. Бұл тек жеке әлауқаттың ғана емес, сонымен қатар тұтас мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының негізі. Қаржыны дұрыс басқару, ақша ағынын жоспарлау және несиелік тәуелділіктен аулақ болу – «Қарызсыз қоғам» қалыптастырудың басты кепілі.
Қаржылық сауаттылық – бұл қарапайым ақшаны санау ғана емес, ол – адамға жеке қаржысын тиімді басқаруға, несиелік өнімдердің күрделі шарттарын түсінуге, инвестициялау мүмкіндіктерін бағалауға және қаржылық алаяқтықтан қорғануға мүмкіндік беретін білім мен дағдылар жиынтығы. Қазақстанда бұл мәселе әсіресе өзекті, себебі тұтынушылық несиелердің көлемі артып, халықтың бір бөлігі артық қарыз жүктемесіне ұшыраған.
Бұл қаржылық сауаттылықтың төмендігінің көрсеткіші, ал ол келесідей қоғамдық қатерлерге алып келуі мүмкін.
1. Тұтынушылық несиеге тәуелділік: халықт ң көпшілігінің табысы мен шығысын жоспарлай алмауы мақсатсыз және артық несие алуға итермелейді.
2. Қаржылық алаяқтық: цифрлық технологиялардың дамуымен бірге қаржылық алаяқтардың саны көбейіп, сауатсыз азаматтар жеңіл олжаның құрбанына айналуда.
3. Әлеуметтік шиеленіс: үлкен қарыз жүктеме сі отбасылық бюджетке салмақ салып, психологиялық қысым мен әлеуметтік проблемалар тудырады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» және бұдан бұрынғы Жолдауларында бұл мәселенің мемлекеттік маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.
Мемлекет басшысы қаржылық сауаттылықты арттырудың елдің тұрақты экономикалық дамуы мен халықтың әлауқатын арттырудағы шешуші рөлін баса көрсетті.
Президент өз Жолдауларында:
1. Қарызсыз қоғам құру қажеттігін баса айтып, несиелік қатынастардың заңнамалық базасын күшейтуді тапсырды. Бұл шаралар несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
2. Білім беру жүйесіне қаржылық сауаттылық негіздерін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылықты оқыту бағдарламаларын енгізу қажеттігін тілге тиек етті.
3. Алаяқтықтан қорғану мәселе сін ерекше атап, қаржылық негіздерді білу мен қарапайым цифрлық дағдыларды меңгерудің азаматтарды түрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалудан сақтайтынын айтты.
Президенттің бұл бағыттағы нақты тапсырмалары қаржылық сауаттылықты жеке мәселеден жалпыұлттық деңгейдегі стратегиялық міндетке айналдыру керек екендігін түсіндірді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бір жарқын мысалы – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ мен ҚР Ұлттық Банкінің арасындағы тығыз әріптестік аясында іске асырылып жатқан 40 сағаттық біліктілікті арттыру курстарын атап өтуге болады.
Бұл бағдарлама мектеп және колледж педагогтерін, яғни білім беру процесіндегі негізгі тұлғаларды қаржылық с ауаттылыққа үйретуге бағытталған. Өйткені ұстаздардың өздерінің біліктілігін арттыру арқылы олар болашақ ұрпаққа – білім алушыларға бұл маңызды білімді жүйелі түрде жеткізе алады.
Бағдарламаның мазмұны 40 академиялық сағатқа есептелген және келесідей өзекті тақырыптарды қамтиды:
– Жеке және отбасылық бюджетті тиімді жоспарлау.
– Қаржылық өнімдерді (депозит, несие, сақтандыру) талдау және дұрыс таңдау.
– Инвестициялау негіздері және зейнетақы жүйесін түсіну.
– Цифрлық қаржы және киберқауіпсіздік, қаржылық алаяқтықтан қорғану тәсілдері.
Оқыту форматында бейнесабақтар, практикалық кейстер, жаттығулар және co-teaching (бірлескен оқыту) әдістері белсенді қолданылады. Бұл 40 сағаттық курстардың тиімділігі бірнеше аспектімен анықталады:
– Курстың негізгі артықшылығы – ол қаржылық сауаттылықты бүкіл білім беру жүйесіне тарататын «фасилитатор-ұстаздар» корпусын қалыптастырады.
– Практикалық бағыттылығы. Бағдарлама тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өмірлік жағдайларға негізделген практикалық дағдыларды (бюджеттеу, несие шартын талдау) дамытуға бағытталған.
– Ұлттық Банк пен «Өрлеу» ұсынған ортақ әдістеме бүкіл елдегі педагогтердің біліктілігін бірыңғай, жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
Нәтижесінде, мұғалімдер алған білімдерін «Жаһандық құзыреттілік» және басқа да пәндер аясында білім алушыларға жеткізіп, олардың ерте жастан бастап қаржылық тұрақтылық негіздерін меңгеруіне жол ашады. Қаржылық сауаттылық негіздері–бұл әрбір қазақстандықтың экономикалық тәуелсіздікке жетуінің кілті.
ҚР Президентінің басымдықтары, Ұлттық Банк пен «Өрлеу» ұйымдарының бірлескен күш-жігері, соның ішінде 40 сағаттық біліктілікті арттыру курстары арқылы, педагогтер экономикалық жауапты және қарызсыз қоғам құруға бағытталған маңызды қадамдар жасауда. Бұл процесс ұзақ мерзімді және жүйелі білім беруді талап етеді, бірақ оның нәтижесінде әрбір азамат өзінің қаржылық тағдырын өз қолына алатын, тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптасады.
Назира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы