Қоғам

Мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермеген

Еңбексіз құр арман, бос қиял жетістікке жеткізе алмайтыны айтпаса да түсінікті. Өкініштісі, бүгінгі таңда көп адам «аз еңбектеніп көп пайдаға кенелу» дейтін психологиялық дертке шалдыққан. «Көрінбеген нәрсені аламын деп, айырылма қолыңдағы бар малыңнан» деп Мәшһүр Жүсіп ескерткендей, түрлі қаржылық пирамида мен лоторея ойынына ақшасын судай шашып жүргендер жетерлік.

Бірақ арамызда адал ас ішіп, маңдай терімен еңбек етіп жүргендер де көп. «Еңбек – адамнан, ризық – Алладан» деп ұғатын жас кәсіпкердің бірі – Толқын Мұратқызы. Сонау Сарысу ауданы, Жайылма ауылынан «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Жайылма нан» өнімдерін ашып, өз ақылы мен қайратына сеніп тірлік қылатын нағыз бизнес ханшайымы. Толқынның наубайханасында күнделікті жейтін нан өнімдерімен қатар тәтті бәліш, торттың кез келген түрін, қатпарлы самса, жұмсақ бауырсақ, яғни түрлі өнімдер дайындалады.

2017 жылы Алматыдан Жайылмаға көшіп барған жас келіншек қолындағы жас баласымен отырып ойға қалған екен. Ел қалаға көшіп жатса, бұлар ауылға көшіп келді. Енді қандай жұмыс істемек керек? Сөйтіп 2019 жылы бауырсақ, тәтті бәліш, нан, самса пісіріп, үйден сата бастады. Ең алғашқы сатып алушылары өз көршілері болыпты. Күніне 60 шақты нан сатыпты. 2021 жылы көпшілікке тұрақты қызмет етейік деп жұбайы екеуі шешім қабылдап, жеке кәсіп ашады. Бастапқыда 48 бөлке нан пісіретін шағын пешпен, небәрі екі адам болып бастаған тірлігі бүгінде дардай кәсіпке айналған. Алла тағала мына дүниеде әр нәрсені себеп-салдар заңдылықтарына байлаған. Жақсы өнім алу үшін жер жырту, дұрыс тұқым таңдап, оны уақытылы егу, дәрісін шашып, тыңайтқыш құю, арам шөптен залалсыздандыру, үнемі суару секілді барлық шарттарды дұрыс орындауға тиіссің. Толқын да тура осылай етті. Шаршамай, талмай еңбек етті.

Осылайша 50 шақты дүкенге нан тасымалдап отырған наубайхана бағдарламаның арқасында істің игілігін көріп отыр. Елге ырыс боп келген бұл бағдарлама арқылы Толқын сияқты талай жан кәсібінен нәсіп тапты. Екі қолға бір күрек тауып, ауылдың да ажарын ашып отыр. Несие бес жылға берілген. Арасында бір жыл каникулы бар. Толқын несиені 2023 жылдың наурызында алыпты. Ол кәсібі бар жандар үшін бұл үлкен қолдау деп отыр. Мақсатты түрде алынған несиені өз уақытысымен қайтарамыз деген сенімде.

Толқын Мұратқызының мамандығы педагог. Жұбайы да кәсіпкер. Ауыл шаруашылығы саласында кооператив ашқан. Ерлі-зайыптылар өздері ашқан кәсіптерінің іргесін кеңейтіп, ауылдағыларға жұмыс ұсынып, халықтың алғысын алып отыр. Қарап отырсақ, ауылда отырып-ақ бір істің көзін табуға болады екен. Қала деп қалаға үдере көшпей, туған жеріміздің түтінін түтетіп, кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтуға болады екен. Толқынды өз ісінің нағыз шебері деуге болады. Оның қолынан шыққан тәттілер мен нан өнімдерінің бағасын көпшілік баяғыда-ақ беріп қойған. Нан–адамзаттың басты құндылығы, ол молшылықтың және әл-ауқаттың белгісі.Толқынның нан өнімдеріне сұраныс жоғары.

Ең бастысы, өнім тұтынушылардың көңілінен шығады. Тіпті жергілікті жұрт наубайханадан шыққан ыстық нанды алуға ұзын-сонар кезекке тұрады екен. Ел ішінде қолтығымыздан демеп жіберсе, үкімет көмек берсе, кәсібімді аяққа тұрғызып алар едім деген сөздер жиі айтылады. Іс бастау үшін де алғашқы қаражаттың ауадай керек екенін кәсіп көзін тапқандар жақсы біледі. Міне, мемлекет мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланғанымыз жөн.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА