Талайдың несібесіне айналған бағдарлама
«Ауыл аманаты» бағдарламасы елдің көсегесін көгертіп, табысын арттырып отыр. Жоба ауыл тұрғындарын аграрлық я болмаса дамымай тұрған бизнесті алға сүйреп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. 2022 жылы біздің облыстан бастау алған пилоттық жоба бүгінде бүкіл өңірді қамтып отыр.
Өткен жылы облысымызда «Ауыл аманаты» жобасымен 51 ауылдық округ қамтылыпты. Яғни 25,5 миллиард теңгеге 4 076 жоба қаржыландырылған. Оған 152,2 мың бас мал мен 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Ал биыл мамыр айында жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуға 600 миллион теңге бөлініп, 89 бірлік техника алыныпты.
«Ауыл аманаты» жобасы барлық саланың дамуына серпін береді. 2024 жылы 10,5 миллиард теңгеге 1200 жоба қаржыландырылған. 2025 жылы 10 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауылдық елді мекендерде 500-ден астам шағын кәсіпорын ашылған. Өңірімізде 2025 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 пайызға ұлғайған. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 21,4 миллиард теңге субсидия бөлінген.
Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешен саласында жоспарланған 20 инвестициялық жобаның 9-ы іске қосылған.
«НҰРШУАҚ» ТІГІН ЦЕХЫ – ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Арамызда осы бағдарламаның шарапатын көріп, кәсібінен нәсіп тауып отырған жандар бар. Солардың бірі – Шу ауданы, Қорағаты ауылының тұрғыны Нұрғали Жексенбиев. Нұрғали Жексенбиев – белгілі кәсіпкер. Ол 2018 жылы туған жері Шу ауданы, Төле би ауылынан «Нұршуақ» балабақшалар желісін ашып, ауылдағы кішкентай бөбектердің жағдайын жасаған. Балаларды арнайы балабақшаға көлікпен тасымалдап, үйірмелермен қамтып, ауылдың абыройын асқақтатып отырған жан. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ел ағасының бойында сан түрлі өнер толып тұр екен. Өзі фортепианода, домбырада, гитарада емін-еркін ойнап, ән салады. Тіпті 9 жыл бұрын «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасына қатысқан.
Әуелеген әдемі дауысымен талайлардың жүрегінен орын алған бұл азамат бір кездері қаржы полициясында қызмет атқарған. Алайда денсаулық жағдайына байланысты туған жеріне көшіп, кіндік қаны тамған жерге пайдасын тигізіп отыр. Балабақша ашқан жылдары ауыл тұрғындары, ақсақалдары кәсіпкерге тігін цехын ашу туралы өтініштерін айтыпты. Әрі мектеп оқушыларын түрлі тегін үйірмемен қамтуды да сұрапты. Елдің өтінішін жерге тастамай, сұранысты былтыр қанағаттандырыпты.
Бірінші «Даму бала» жобасымен ауыл балаларын сан түрлі үйірмелермен қамтыған. Сосын барып «Нұршуақ» тігін шеберханасын ашқан. Бүгінде шеберханада 4 адам жұмыс істейді. Әлі 40 адам жұмысқа қабылданбақ. Олар әртүрлі дизайнда құрақ көрпелер, сыпыралар, төсекорын жабдықтарын, сөмкелер, балабақша жаялықтарын, той қоржындарын тігеді.
Жары Жазира Алашбаева да – кәсіпкер. Екеуі бірлесіп кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
АҒАШ ШЕБЕРІ ӨЗ ІСІН АШТЫ
Жалпы бағдарламаның баянын көріп отырған жандар қарасы өте көп. Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тумасы Жамбыл Тілешовтың бұл алғашқы кәсібі. Ағаш ұстасы Жамбыл Төленұлы жастайынан ағаштан тұрмысқа керекті бұйымдарды жасайды. Есік пен терезе, киіз үй жабдықтары, саты, сандық, жиһаз жасау да қолынан келеді. Ағашты жонып, кесіп, қалыпқа келтіріп, сырлап, сұраған затыңызды жасап береді.
2023 жылдың қазан айында өз ісіне сенген ол 4 миллиондай несие алып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы тірлігін тиянақтап отыр. «Нұрали» жекеменшік кәсіпкерлігін ашып, халықтың сұранысына жауап беріп отыр.
Ісін енді бастаған кәсіпкердің алты баласы бар. Жұбайы Шынар Омарбекова – тәрбиеші. Бүгінде декреттік демалыста. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – мемлекет дамуының кепілі. «Ауыл аманаты» жобасы әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, әр облыста іске асырылуда. Табысты жетістіктерін бөлісу және бағдарламаны жүзеге асырудың тиімді жағдайын кеңінен тарату маңызды. Осы себепті біздер бағдарламаның шарапатын көріп отырған жандарды іздестіріп, жазу үстіндеміз.
КӨЛІК ЖӨНДЕУ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ
Бүгінде не көп, қалауын тауып жасай білсең, қарапайым халықтың шынайы ризашылығына бөленетін кәсіп жетерлік. Тек ерінбей еңбектене білсе болғаны. Оны біз күнделікті өмірден көріп жүрміз.Талаптанып, қолынан келер іспен шұғылданғысы келетін адамға Үкімет тарапынан қолдау көп. Жуалы ауданы, Көлбастау ауылының тұрғыны Зауытбай Тажетдинов әу бастан көлік жөндейтін. Оның есімі жуалылықтарға жақсы таныс.
«Моторис Зауытбай», «мәшинист Зауытбай», «механик Зауытбай» аталып кеткелі 15 жыл. Былтыр бағдарлама аясында 8 миллион теңгедей несие алып, өз үйінің ауласынан «Нұрдәулет» автокөлік жөндеу орталығын ашқан. Өзінің айтуынша, күн сайын үйінен көлік үзілмейді. Күн сайын кемі 3 көлік жөндейді.
Тіпті сөйлесуге, әлеуметтік желі ақтарып, бос отыруға уақыты жоқ Зауытбай Тажетдинов сөзге де жоқ екен. Сұрақтарымызды қойып жатып, аузынан әрең суырып алдық. Бес баланың әкесі азаннан қара кешке дейін көлік жөндейтінін, әңгіме-дүкен құруға уақыты да, қолы да бос емес екендігін жеткізді. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Демек, жөндету орындарына сұраныс көп. Көптеген көлік иелері Зауытбек шебердің айтқанындай жүргізгені болмаса, жөндеу жағынан мақұрым. Сондықтан бұзылған жағдайда кәсіби шеберлерге күні түседі. Клиент үзілмейтіні де сондықтан. Тіпті айлап, апталап кезекке жазылып келетіндер де бар екен. Еңбек ептілікті сүйеді. Бұған қарап өңірімізде еңбекқор жандар көптігіне сүйсіндік. Қарапайым еңбек адамы кішкентай ауылда отырып-ақ өз ісін өркендетіп отыр.
Байқағанымыздай, шебердің мақсаты айқын. Кәсібін кеңейтіп, келешекте компьютерлік диагностикасы мен геометриясы бар орталыққа айналу. Автокөлік жөндеуде сапалы қызмет етіп отырған жуалылық кәсіпкердің сервистік қызметіне тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары екенін білдік. Бұл бағдарламаның шын мәнінде шарапаты мол екен.
Шынында осының арқасында шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық мәселесі оң шешімін табуда. Қолынан іс келетін ер азаматтар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығына ден қойса, әйелдер тігіншілікпен, кондитерлікпен айналысуда. Күндіз-түні еңбектенген жанның нәпақасыз қалмайтыны анық.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА