Аймақ

Біз берген ұсыныстар жан-жақты талқыланды

Облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы мен төралқа мүшелері Астана қаласында өткен «Әділетті Қазақстан: Азаматтық қоғам мен Мемлекет ынтымақтастығы» атты ХІІ Азаматтық форумына қатысты. Жиынды Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева ашып, Президенттің көмекшісі А.Қырықбаев, Сенат депутаты Б.Жексенбай, Мәжіліс депутаты Е.Бейсебаев сөз сөйледі.

Пленарлық және секциялық отырыстар барысында қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру, азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық бақылауды кеңейту, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бастамаларын, цифрлық жобаларды қолдау мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы қатысушыларға жолдаған үндеуінде мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға және қоғамдық институттармен серіктестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Алқалы жиынға жамбылдық делегациясының қатысуы тәжірибе алмасуға, өзара диалогты нығайтуға және ортақ бастамаларды әзірлеуге маңызды мүмкіндік болды. Сондай-ақ іс-шара барысында қоғамдық кеңес төрағалары мен хатшыларына арналған «Қазақстанда қоғамдық кеңестер институтын жетілдіру» бағытында оқыту мен пікір алысу мақсатында семинар кеңес ұйымдастырылды.

Семинарда қоғам қайраткері З. Баталова, Л. Асылбекова және басқа да спикерлер дәріс оқыды. Форумда қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылау формаларын жүзеге асыру, халық пен атқарушы биліктің арасындағы байланысты күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлі, азаматтық ұстанымы, халықтың сеніміне ие болу, жұмыс тиімділігін арттыруды ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.  

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биыл облысымызға іссапармен келген кезінде біздің тарапымыздан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылған болатын. Форум аясында сала министрі ол ұсыныстар Президентпен талқыланғанын алға тартты. Осы жылдың шілде айында Мәдениет және ақпарат министрлігіне облыстық қоғамдық кеңестің атынан облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына жүргізілген Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша бірнеше ұсынымдар жолданған болатын.

Атап айтқанда:

– Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс (МШТ) арқылы үйірмелермен қамтуды жүзеге асыру үшін республика деңгейінде бірыңғай ақпараттық жүйені (платформа) енгізу;

– Өнім берушілердің қызметінің сапасына (оның ішінде МШТ-ға бөлінген қаржының нысаналы игерілуі және т.б.) тұрақты бақылау жүргізу үшін оператордың құқығын кеңейту мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

– Өнім берушілердің үйірме ғимараттарының талаптарға сәйкестігін қарау тәртібін күшейту бойынша нормаларға өзгерістер енгізу;

– МШТ саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен үйірмелер бойынша оқу бағдарламасының үлгілік нысанын бекіту;

– Мектепке дейінгі ұйымда тіркелген балалардың бір мезгілде балабақша мен үйірмеде мемлекеттік тапсырыспен қаржыландыруын болдырмау, баланың заңды өкілі мен өнім беруші арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында 28.04.2021 жылы №122 бұйрықпен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидасына» тиісті өзгерістер енгізу;

– Ел Үкіметінің 31.12.2015 жылғы №1193 қаулысына «еңбек демалысы кезінде ауылдық клубтардың техникалық қызметкерлеріне сауықтыру ақысын төлеуді және ауылдық квотаға сәйкес 25 пайыз үстемақыны енгізуді» қарастыру;

– «Мәдениет және архив ісі саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорын қызметкерлеріне еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар төленеді» деген аталған қаулының 7-ші қосымшасына «бас бухгалтер, бухгалтер қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу жүйесін енгізуді» қарастыру.

Байқасаңыз, кейінгі жылдары елімізде іске асқан реформалар арқылы қоғамдық сананы өзгерту жүріп жатыр. Бұған қоғамдық кеңестер мен қоғамдық бақылау құралдары секілді диалогтың жаңа тетіктері әсер етіп отыр деп ойлаймын.

 

Арқабек ТӨЛЕБАЕВ

облыстық Қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі.