Жұмыспен қамтуға байланысты жоспар жүз пайыз орындала ма?
Осы жылдың 10 қаңтарындағы жағдай бойынша өңір жұртшылығының әл-ауқат деңгейі төмен «Д» және «Е» санаттарындағы халық саны – 98,8 мың отбасыны құраған. Бұл – облыс халқының 29,1 пайызына тең. Ал Үкімет тарапынан белгіленген межеге сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін аймақта аталған санаттардағы отбасыларды 6 916 отбасыға азайту көзделген. Демек, есепті кезеңде 7 пайызға бәсеңдету жұмыстары өз деңгейінде орындалуы тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жоспар белгіленген межеден 62,5 пайызға орындалғанын атап өтті. Ол өз сөзінде «Д» және «Е» санаттарындағы халық саны 4-ші қазан күнгі жағдаймен 87,5 мыңды құрағанын жеткізді.