Жаңалықтар

Қазақстан мен Әзербайжан: қандай келісімдерге қол жетті?

20-21 қазан күндері Астанаға мемлекеттік сапармен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Бұл соңғы үш жыл ішіндегі Әзербайжан көшбасшысының Қазақстанға үшінші ресми сапары. «Ақорда» резиденциясындағы мәртебелі мейманды ресми қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысын өткізді.

Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік серпін алуда

Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыс айтарлықтай жанданып, стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде. Ең алдымен, жаһандық өзгерістер аясында екі мемлекет өзара үндес ұлттық мүдделерге сүйенген ынтымақтастықты нығайтып келеді. Қазақстан басшысының шақыруымен Әзербайжан Президентінің елімізге жасаған екі күндік мемлекеттік сапары осы серіктестіктің маңызын айқындайтын оқиға болды.

Ильхам Әлиевтің соңғы үш жылда үшінші рет Қазақстанға сапарлап келуі жоғары деңгейдегі кездесулердің жүйелі өтіп отырғанын және екі ел арасындағы саяси сенім мен аймақтық тұрақтылық үшін тандемнің маңызын арттыра түскенін көрсетеді. Расында да, екі елдің одақтастық қарым-қатынасы бүгінде түркі ынтымақтастығының тұтқасына айналып отыр.

Ортақ тарихи-мәдени негізге сүйене отырып, Астана мен Баку барлық тараптың мүддесіне сай заманауи жобаларды жүзеге асыруда. Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы олар көлік дәліздерін тоғыстырудан бастап, бірлескен инвестициялық қорлар құруға дейінгі экономикалық бастамаларды ілгерілетіп, түркі бірлігін декларативті ұрандардан нақты іске айналдырып келеді. Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнағаннан бері екі ел арасындағы байланыс нығайды десек, 2005 жылы қабылданған Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шарт екіжақты байланыстарға жаңа серпін беріп келеді.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының жиі кездесуі мен келіссөздері де елдер арасындағы қарым-қатынастың дамуына даңғыл жол ашуда. Биыл қос президенттің 17 мамыр мен 10 тамызда телефон арқылы сөйлесуінде екіжақты ынтымақтастық, аймақтық қауіпсіздік, сауда және бірлескен жобалар талқыланса, жеке кездесулері халықаралық және аймақтық форматтар аясында өтті.

Мәселен 13-14 қаңтарда АбуДабиде «Тұрақты даму апталығы» шеңберінде экология, «жасыл» энергетика және цифрландыру тақырыптары қаралды. 20-21 мамырда Будапештте Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде қос президент аймақтық интеграция мен бірлескен экономикалық бастамаларды жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.

Жақында, 6-7 қазанда Габалада өткен ТМҰ-ның 12-ші ресми саммитіне Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің шақыруымен қатысса, көп ұзамай 10 қазанда Душанбеде ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында кездесті.

Ынтымақтастықты өркендету мәселесі жан-жақты талқыланды

Ақордада Әзербайжан Пре зидентімен келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің Қазақстанға келген сапарын елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға деп атады.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан байланысы барлық бағытта қарқын алғанын атап өтті.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударылды. Бұдан бөлек, тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Тиімді алаңға айналған жиында 15 құжатқа қол қойылды

21 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақстан – Әзербайжан қатынастарының ерекше сипатын паш ететінін атап өтті.

Қазақ-әзербайжан қатынастарының жоғары деңгейге жетуіне, ең алдымен, Президент Ильхам Әлиевтің елеулі үлес қосқанына назар аударған Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін де арнайы атап өтті.

Сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі. Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Жалпы, Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында энергетика, көліклогистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, статистика салаларындағы және мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды.

Президенттер брифингте не туралы айтты?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз екіжақты ынтымақтастықты өрістетуде зор табысқа жетті.

Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.

Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.

Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болған. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол. Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткен Президенттің айтуынша, былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет.

Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түспек. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.

Брифингте Ильхам Әлиев екі жақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды.

Жасанды интеллект орталығында болып,

Орта дәлізді дамыту жобасымен танысты

Alem. AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барған Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты. Мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқаруға және талдауға, сондай-ақ GovTech-шешімдер қабылдауға арналған AI-Driven Government ахуалдық орталығының тұжырымдамасы жөнінде баяндалды. Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Smart City технологиялары, роботты техника аймағы, түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған Samruk-Kazyna жобалары көрсетілді. Президенттер Astana Hub инновациялық кластерін аралап көрді.

Орталықта 1800-ден астам IT-компания мен стартап, оның ішінде шетелдің үлесі бар 460-тан аса компания тіркелген. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық компаниялардың өнімдері жайында мәлімет берілді. Мемлекеттер басшыларына қазақ-әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде де мәлімет берілді. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бергені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.

Мемлекеттер басшыларына Орта дәліздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды.

Бауырлас елдердің белсенді іскерлік қатынасы барлық салада көрініс табуда

Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық ерекше маңызға ие болып отыр. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 547,6 миллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседен астам өскен. Қазақстан экспортындағы негізгі тауарлар қатарында түсті металдар, шикі мұнай, мұнай өнімдері мен астық басым.

Атап айтқанда, биыл экспорттың негізгі үлесін бидай (121,5 миллион доллар) және мұнай мен мұнай өнімдері (38,2 миллион доллар) құрады. Бұл аграрлық және энергетикалық өнімдерге тұрақты сұраныстың барын көрсетеді. Өз кезегінде Әзербайжаннан Қазақстанға құбырлар, алюминий шыбықтары, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері жеткізіледі.

Тауар құрылымындағы мұндай әртараптандыру екі ел арасындағы сауда қатынастарының жанжақты дамып келе жатқанын және экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды сипатын айқындайды. Сонымен қатар екі елдің белсенді іскерлік қатынасы кәсіпкерлік құрылымынан да көрініс табады. Бүгінде Қазақстанда әзербайжандық капиталдың қатысуымен шамамен 1500 компания жұмыс істейді, ал Әзербайжанда 150-ге жуық қазақстандық кәсіпорын тіркелген.

Қос ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды түрде дамып келеді. 2005 жылдан 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін Әзербайжанның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі 424,6 миллион АҚШ долларын құраса, оның 3,8 миллионы биылғы жылдың алғашқы үш айында салынған. Қазақстан тарапынан осы кезеңде Әзербайжанға бағытталған инвестиция 156 миллион долларды құрап, оның 32,6 миллионы 2024 жылы жүзеге асқан. Инвестициялық ынтымақтастық тек жекелеген жобалармен шектелмей, ауқымды қаржы тетіктері арқылы да жүзеге асып жатыр.

2024 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан Экономика министрлігі SK-AIH Investment Fund Ltd бірлескен инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойды. Қордың басты мақсаты – Транскаспий дәлізі және басқа да стратегиялық салаларға инвестиция тарту. Қор шеңберіндегі алғашқы жобалардың бірі – Бакудегі Алят портында интермодальды терминал салу. Бұл жоба жүк тасымалының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

Қазақстанның транзиттік және экспорттық ағындары, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тұрақты түрде артып келеді. Бағыттың даму қарқыны ерекше: соңғы бес жылда жүк тасымалы көлемі алты есе артқан. 2025 жылға белгіленген жоспар – 5,2 миллион тонна. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан – сенімді мұнай жеткізушілер. Мұнай саласындағы ынтымақтастық та стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамып келеді. Алдағы жылдары мұнай экспортының көлемін арттыру жоспарланған, 2027 жылға қарай осы бағыт арқылы жылына 7 миллион тоннаға дейін тасымалдау көзделіп отыр. Мысалы, ұзақмерзімді перспективада Қазақстан мен Әзербайжан Еуропаны мұнаймен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

2050 жылға қарай Еуропаға шикі мұнай мен конденсат экспорты тәулігіне шамамен 1,6 миллион баррель деңгейінде тұрақтайтыны болжануда. Бұл жағдай Каспий аймағындағы Қазақстан мен Әзербайжанның стратегиялық маңызын күшейтеді. Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан инфрақұрылымдық жобаларды да бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Қорыта айтқанда, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға кезекті сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынасты нығайтуда маңызды кезең болмақ. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл жай ғана протоколдық кездесу емес, аймақтық қауіпсіздік, қорғаныс, жоғары технологиялар және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды талқылауға арналған стратегиялық мүмкіндік. Ал қаржы сарапшыларының пікірінше, бұл мемлекеттік сапардың айқын экономикалық маңызы бар. Қазақстан мен Әзербайжан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың геосаяси өзара байланысы үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды. Бұл елдердің экономикасы, демографиясы және көліктік әлеуеті өсу үстінде. Ал ынтымақтастықтың маңызды факторының бірі – өзара сауда мен инвестицияның өсуі. Қалай дегенде де, Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының кездесуі бауырлас екі елдің экономикасы мен өзара ынтымақтастығын арттыруға арналған маңызды шара болғаны анық.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП