Жаңалықтар

Таразда театр фестивалі басталды

Тараз қаласында Қазақстанның Халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығына орай республикалық театр фестивалінің ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Әуелі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай әл-Тарази, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, «Құрмет» орденінің иегері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, режиссер Қуандық Қасымов бастаған фестиваль қонақтары театр алдына төселген қызыл кілеммен жүріп өтті.

Сонымен қатар фестивальға қатысушы 6 театрдың артистері мен Асқар Тоқпановтың немересі Аян Тоқпанов та көпшіліктің алдынан салтанатпен жүріп өткеніне куә болдық. Мұнан соң салтанатты жиын облыстық қазақ драма театрының залында жалғасты. Театр қайраткерлері мен артистерінің, фестиваль қонақтарының алдында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйледі.

Сонымен қатар өңір басшысы бірқатар еңбек озаттарын марапаттады. Атап айтқанда, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен артист Кенен Ақүрпеков, көлік жүргізушісі Серік Дәуітбаев марапатталса, облыс әкімінің Құрмет грамотасы театрдың труппа меңгерушісі Бақтияр Көпжасаров пен артист Бексұлтан Әлекешовке берілді. Бұдан бөлек Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Дара» медалімен аталған театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова, артистер Галина Қойшыбаева, Зарина Асан, Абзал Дәулетбақов және жарық беруші маман Мұратбек Исаев марапатталды.

Бірқатар белсенділер Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» медалімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Көпшілік алдында театрдың аңыз тұлғалары Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай әл-Тарази толғана сөйледі. Жамбылдықтардың бұл екі дара перзентіне деген құрметі де сезіліп тұрды. Іс-шара барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының ұжымы өнер көрсетті.

«Тараз» триосы мен танымал әнші Оңал Азаматованың өнеріне де жұртшылық тәнті болды. Фестивальдің ашылу салтанаты қатысушы театр ұжымдары хормен орындаған Қадірғали Көбентайдың «Өнер адамы» әнімен түйінделді. Енді театрда үш күн бойы қызықты қойылымдар көпшілік назарына ұсынылатын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ