«Ақбереннің» алты үздігі
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылымипрактикалық орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушыларының арасында республикалық «Ақберен» өнер байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Байқауға аудандық, қалалық білім беру ұйымдарының және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 75 оқушы қатысты. Олар алты аталым бойынша сынға түсіп, нағыз үздікті анықтады. Атап айтқанда, «Шешендік, білгірлік» аталымы бойынша Меркі ауданы, №18 Ақкөз Қосанұлы атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мейірім Орысбай, «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша Талас ауданы, Қаратау орта мектебінің 10-сынып оқушысы Алдияр Сәттұрсын жеңімпаз атанды.
«Эссе жазу» аталымы бойынша Тараз қаласы, №8 Төле би атындағы гимназиясының оқушысы Мүслима Қанбетова, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» сайысында Тараз қаласы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы Інжу Үшкемпір жүзден жүйрік шықты.
«Ақындар айтысы» бәсекесінде Тараз қаласындағы №3 мектеплицейдің 11-сынып оқушысы Інжу Жаңабай, «Ақындар мүшайрасы» аталымында Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мерей Жамалбек те өзгелерден оқ бойы озып тұрды.
Осылайша, Тараз қаласының оқушылары көш басынан көрінсе, Меркі, Талас, Жамбыл аудандары да өнерлі шәкірт тәрбиелеуде алда екендерін көрсете білді. Жеңімпаз атанған алты үздік оқушы қараша айының соңында өтетін республикалық «Ақберен» өнер байқауында облыс намысын қорғайтын болады.
Жанар ИСАБАЕВА
«Жамбыл дарыны» аймақтық ғылымипрактикалық орталығының әдіскері.