Бес қаруын сайлаған, Кегін алмай қоймаған...
Қазақтың бойында ежелден-ақ адалдық, қонақжайлылық, бауырмалдылық, асқақ рух, өр мінез сияқты ғажайып қасиеттер болған. Әсіресе, XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғарлармен болған шайқастарда ұлттық рух асқақтап, идеал болатын әйгілі тұлғаларымыз дараланып, халық жадында мәңгі орнығып қалды. Міне, сондай әйгілі тұлғалардың бірі – Байғозы батыр.
Өкініштісі, ел тарихында ерлікті істерімен есте қалатындай тұлға – Байғозы батырдың жорық жолдары, азаматтық келбеті толық зерделенбеді. Тек әйгілі жазушы, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған (2005 жылы 22 шілде) «Байғозы батыр» мақаласынан Байғозы батыр қатысқан қазақ-жоңғар соғысы жабайы көшпенділердің арасындағы көп қақтығыстардың бірі болып қалмағанын аңғарамыз. Өйткені бұл соғыстың нәтижесінде, қазақ хандығы өзінің мемлекет ретінде өмір сүруін сақтап қалса, жоңғарлар мемлекеті жойылып кетті. Сондықтан қазақ халқының одан әрі дамуына тигізген ықпалы өте зор және қазақ халқының мемлекеттілігін сақтап қалған тарихи тұлғалардың әрекеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі болатындығын ұмытпауымыз керек.
Байғозы Наймантайұлы (1705- 1803 жылдар) елінің бақыты мен болашағы үшін етігімен су кешіп, елін, жерін қорғап ұрпаққа үлгі бола білді. Жалпы қазақ қоғамының саяси өмірінде ерекше орын алатын топтың бірі – батырлар. Алғашында батырлар тайпалар мен рулардың әскер басшылары болса, кейін жоңғарлар мен Орта Азия жаулаушылармен болған күресте батырлардың әлеуметтік рөлі ерекше жоғарлап, ру ақсақалдарына дейін көтерілді. Міне, сондай тұлғаның бірі – Байғозы батыр еді. Шоқан Уәлиханов «Батырлар – қазақтарда рубасы сұлтандардан кейін атақты әрі маңызды адам, ол ел арасында ықпалды, берген кеңесі әрқашан салмақты» деп жазды.
А. Сейдімбек жоғарыда айтылған мақаласында Наймантайұлы Байғозының туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді таулардың арасы деп көрсетеді. Батырдың шыққан тегі – Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руы. Шежіре дерегі бойынша 12 ата Тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау, одан Есенгелді, одан Сүтемген, сосын Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған. Байғозының әжесі, яғни Наймантай батырдың шешесі Шолпан – Кіші жүздің жетіруын билеген Тархан Есет батырдың (1667-1749 ж.ж) туған қарындасы. Ал, Байғозының туған нағашысы – әйгілі Қанжығалы Бөгенбай батыр.
Байғозының анасы Баяу – Қанжығалы Бөгенбай батырдың қарындасы деп жазады. Байғозының қайтыс болған жері – қазіргі Ұлытау облысының Жаңарқа және Шет аудандарының жапсарындағы жаман Сарысу өзені. Өз мақаласында А.Сейдімбек Байғозының жерленуі туралы мынадай мәлімет береді. Ол кезде ел негізінен көшпелі өмір салтын ұстанған. Тарақты-Шажағай, Атасу, Сарысу, Есіл өзендерінің бойлай көшіп, Шу мен Сырдария өзендерінің бойын қыстаған. Батыр күздің қарасуығында Оңтүстікке қарай көшіп келе жатқанда дүние салса керек. Өлеріңде төңірегіндегілер «Япыр-ай, не қыстауда емес, не жайлауда емес орта жолда ауырып қалдыңыз-ау» дегенде Байғозы батыр «Маған қазақ жерінің жаттығы жоқ.
Өлсем, Жаман байдың жанына қойыңдар. Өзен Жаманның атында қалып, жердің аты маған бұйырар» депті. Айтқанындай Сарысу өзенінің бір сағасы бүгінге дейін Тарақты Жаман байдың атымен Жамансарысу деп аталса, Байғозы батырдың бейіті тұрған жер Батыр басы деп аталады. Сол атаулармен картаға да түскен. Байғозы әкесі Наймантайға еріп, жауға аттанғанда жасы 18-де екен, яғни 1723 жылы әйгілі Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезі. Әкесі Наймантай да кезінде Тәуке ханның бас батырларының бірі болған.
Наймантай баласы Байғозыны батырлыққа өзі баулып, әкелібалалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысында қатар шыққан. Халық «Қолында қамшың болса айбалтадай болсын, батыр болсаң Наймантайдай болсын» деп Наймантай батырға сипаттама берген екен. 1723 жылы Байғозы батырдың ауылы Шу бойында қыстап шығып, Арқаға бет алғанда Жоңғар қалмақтарының шебін басқарған Дата Доржы шабуылына ұшырайды. Қарапайым халықтың қырғын тапқанын өз көзімен көрген Байғозы қаны қарайып, сол кезден бастап бойында жауына деген өшпенділік қалыптасса керек.
Осылайша Байғозы батыр қазаққалмақ арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарына қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Қан майданда талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханнын ту ұстаушы батырларының бірі болған. Ш.Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Байғозы батырдың ерлігін былай суреттейді. Оқырмандарға түсінікті болу үшін Ш. Уәлихановтың суреттеуін толық берейік:
«Торғауыттардың өкшелей қуған шабуылынан кейін қазақтар ашық далада дамыл алып жатса керек. Қазан көтеріліп, жылқының сүр еті асылып торсықтағы құрт езіліп ұзақты күнге әл болар, таңғы тамақтың ішілер кезі екен. Керіп тастаған еңселі шатыр ішінде Абылай отырады. Келесі бір шатыр өзімшілдігімен жұртқа мәлім болған Арғын жақтан Жәнібек батырдыкі. Батыр насыбайын атып, ой үстінде үнсіз түнеріп отыратын. Бір кезде қазақтың жас жігіті астындағы атын сәл аяңдатып, төніп келген бетінде Жәнібек батырға «шақшаңыздан ауыз тигізіңіз» деп, ат үстінен қол созады.
Мұндайға лып ете қалатын Жәнібек пе, мойын бұрып қарамайды да. Қарау былай тұрсын жақтырмаған шырай танытып, түнерген қалпында шақшасын алады да сары саптиян етігіне тық-тық соғып асықпай, бипаздап, насыбайын атып, шақшаны қайтадан қалтасына салып қояды. Кешікпей-ақ дабыл қағылып, әр ру өздерінің туларының астына жинала бастайды.
Алдыға өңшең сауыт құрсанып, қарқаралы дулыға киген садағы мен жебелі қорамсағы салпылдаған батырлар шығып, ханды қоршай тұрысады. Жорық жолында хан кеңесі осылай құрылатын. Бір пәтуаға келген келісім бойынша дұшпанның күші қаншалықты басым болса да қазір шабуылға аттанулары керек. Ол үшін алдын ала шолғыншы шығарып, торуылдап қайту үшін ебі бар жігіттер шақырылады. Осы кезде бірінші болып әлгінде Жәнібектен шақша сұрайтын жігіт шығады. Шолғыншы жігіттер кешікпей-ақ жау жатағын торуылдап қайтады. Жәнібек батыр олардан «жаудың қарасы қанша екен?» деп сұрайды, сонда әлгі шақша сұрайтын жігіт суырылып шығып «көп те емес, аз да емес» деп жауап береді. Ұрыста тұрыс бола ма , шайқас басталып кетеді. Қалмақтардың саны он мың болса керек.
Қазақтарды жаппай тықсырып, өкшелеп қуып береді. Әсіресе қара түндей түнерген қара ат мінген, қапсағай денелі қалмақ туын желбіретіп, қазақтарды шетінен баудай түсіріп келеді екен. Шегіне жүріп айқасып келе жатқан Жәнібек бір мезгілде «япыр-ау, мынау дүлейді тоқтататын бір қазақтың тумағаны ма?» деп айқай салады. Сонда баяғы шақша сұрайтын жігіт атының ауыздығын шірей тартқан қалпы жалт бұрылып тұра қалады да садағын қолына алады. Керілген адырнадан зың етіп ұшқан жебе әлгі қалмақты жалт еткізіп, аттан жұлып түсіреді. Алапат тегеурінмен атылған оқ одан әрі бұлаңдай ұшып көзден ғайып болады.
Туы жығылып, батыры өлген дұшпанның есі шығып, еңсесі түседі. Қазақтар осы сәтті пайдаланып, ұрыс салып, қалмақтарды тұра қуып, дұшпаннан күшін асырған екен. Сонда қара атты қалмақты атып түсірген Байғозы батыр Жәнібек батырға жанаса келіп: «Батыр, шақшаңыздан ауыз тиетін кез енді келді-ау деймін» депті. Тарақты руынан шыққан Байғозы батыр алғаш рет осындай ерлігімен көзге түседі. Содан бастап оның есімі дүйім жұртқа әйгілі болған екен». (Ш.Ш.Валиханов, Собрание сочинений в пяти томах. Том1-А, 1961, 222-223 беттер).
Бұдан шығатын қорытынды мынадай: Байғозы жас кезінен бастап қазақтың қас батырларының қасынан табылып, олардың тәлім-тәрбиесін алғанын байқауға болады, сол арқылы өзінің бойына отаншылдық қасиеттерді дарыта білген. Ш.Уәлиханов келесі бір жазбасында Іле өзені бойындағы соғыста қаза тапқан қырғыз манабының кегін қайтару үшін, қырғыздар аңдып жүріп қазақтың Үсен батыры мен Байғозы батырын қолға түсіреді. «Қанға қан, жанға жан шарты бойынша өлім жеребесі Байғозыға түседі. Байғозыны қырық қадам жерге отырғызып, мылтықтың қарауылына алған кезде «манапты кім өлтірді?» деп сұрайды.
Бұл сұраққа Байғозы қасқайып отырған қалпы «Мен өсек тасушы бола алмаймын» деп қатқыл үнмен жауап береді. Сонда өлген манаптың Абылай хан қолында тұтқында отырған інісіне айырбастау үшін Үсен батыр өз басын кепіл етіп жандосына сауға сұрап алып еді» деп жазады Шоқан. (Ш.Уәлиханов көрсетілген еңбек 224-225 беттер).
Осындай оқиғалардан ұлт болмысындағы асқақ рух, ерлік мінез, елдік, бірлік сияқты асыл қасиеттердің шыңдалатынын көреміз. Осындай қасиеттердің барлығы Байғозы батырдың бойынан табылып жатқанына куәміз. Байғозы батыр кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілхайыр, Абылай сияқты хандармен аралас-құралас болып, олармен ел тағдырына байланысты мәселелермен ой бөлісіп отырған.
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Едіге, Бұхар сияқты қазақ қоғамындағы ірі тұлғалардың ұлағатты сөздерін бойына сіңіре білді. Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек сияқты батырлардан тәлім алды. Өзі тұстас Жарылқап, Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Уақ Баян, Албан Райымбек батырлармен жорықтас, төс қағыстырған дос құрдас болды. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп былай дейді: Абылай заманындағы қазақ жұртынан шыққан қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Тарақты Байғозы, Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай Жәдігерден Жауғаш, Биғаш, Уақ Сарыбаян бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар» деп, Байғозы батырды да құрметпен атап өткен.
Мұндай деректер ақын-жыраулардың жыр толғауларынан да табылады. Мысалы, замандасы Жанақ ақыннан мынадай жолдар кездеседі: Бес қаруын сайлаған, Кегін алмай қоймаған. Он жылдығын ойлаған, Құрыққа бойы ойлаған. Бір құланға тоймаған, Байғозыда өткен дүниеден, – деп Байғозының батырлығын, ел қорғаудағы ерлігін осылайша суреттейді.
Байғозы батырдың өмір жолы туралы, әсіресе заманы бір әйгілі тұлғалармен арадағы қатынастары туралы хатқа түскен деректер де бар және де ауызша жеткен ғибратты әңгімелер де көптеп кездеседі. Зерттеушілердің қазіргі міндеті осы ауызша деректерді жинап, қағаз бетіне түсірсе құп болар еді. Оқырмандарға Байғозы батыр туралы мынадай деректерді айтып кетсек артық болмайды ғой деп ойлаймыз.
Әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы Байғозы батырдың жиені болып келеді, ал өздері шұбыртпалы Ағыбай батырға нағашы болып келетіндігін А.Сейдімбек өз мақаласында дәйекті деректермен баяндайды. Байғозы батырдың ұрпақтары қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында шоғыр-шоғыр болып орналасқан. Батырдың ұрпақтары еліміздің түкпіртүкпірінде өмір сүріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани дамуына үлес қосып келеді.
Олардың ішінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова, екі мәрте Социалистік еңбек ері Ыбырай Жахаев, Социалистік еңбек ері Ұлбала Алтайбаева, әншілер Әміре Қашаубаев, Рахия Қойшыбаева, композитор Бекен Жамахаев, ғалым жазушы Медеу Сәрсекеев, Бүркіт Ысқақов, Өмір Кәріпұлы, Яхуда Амандықов сияқты тұлғалардан бөлек Жамбыл облысынан шыққан Байғозы ұрпақтары, Кеңес Одағының батыры сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов, ғалым-жазушы Балтабай Адамбаев, Сағат Арынов, Сарысу аудандық атқару комитетін ұзақ жылдар басқарған Қырықбай Асанов, Мойынқұм ауылшаруашылық бөлімін басқарған Қаратай Адамбаев сияқты ұрпақтары жетіп артылады.
Орайы келгенде тағы бір айта кететін жәйт, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы топалаңда қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин түрмеден қашып шығып, Шу бойына келіп Тарақты ағайындарды паналаған кезде осы рудан шыққан Сүйіндік батыр бесалты жолдасымен Сәкен Сейфуллинді жау қолына ұстатпай Әулиеатаға (қазіргі Тараз) апарып, сол кездегі басшы болған Сарымолдаевқа аманесен жолықтырады. Сүйіндік Сапақов өмір бойы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылында тұрып 1978 жылы дүниеден озды. Бұл туралы С. Сейфуллин өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романында баяндаған. (С.Сейфуллин – Алматы, 1960 ж. 465-472 бет).
Осы мақаланы дайындау барысында Байғозы батырдың әлі де болса тарих бетінен өз орнын ала алмай жатқанын байқадық. Байғозы батырдың есімі бүгінде Ұлытау облысы Шет ауданы Ағадыр кентіндегі көше мен осы ауданның Қызылтау кеңшарындағы мектепке ғана берілген. Байғозы батыр тек қана Орта жүз батыры емес, бүкіл қазақ халқының азаттығы үшін күрескен батыр, Абылай ханның оң қолы, ту ұстаушысы болған.
Елімізді сыртқы жаудан жоңғар шапқыншылығынан азат етуге белсене қатысқан батыр. Қазақ жерін, елін жоңғар шапқыншылығынан аманесен сақтап, осыншама ұланғайыр жерді мұраға тастап кеткен батыр бабаларымыздың бірегейі болды. Байғозыдан жеткен жалғыз жәдігер – батырдың жорық туы табылып, Президенттің мәдени орталығына тапсырылды. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Биыл Байғозы батырдың туғанына 320 жыл толуына орай Түркістанда батырдың ұрпақтары баба рухына тағзым ету мақсатында дәстүр бойынша ас беріп, құран бағыштап, батыр мен оның замандастарының бастан өткен жорық жолдарын жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетпекші.
Өмірдегі ұрпақтар арасындағы сабақтастық заңдылығы бойынша Байғозы батырдың өмірі қазіргі ұрпаққа тәрбиелік мәні зор екендігін әр уақытта естен шығармауымыз керек. Сондықтан облыс басшыларынан, облыстық мәслихат және ономостика жөніндегі комиссиядан, жалпы облыс тұрғындарынан сұранарым – Байғозы Наймантайұлының есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Тараз қаласының бір көшесін батырдың атымен атасақ деген ұсынысым бар. Осы ұсынысымды барлық қалың жұртшылық қолдайтынына сенімім мол.
Бахыт МЫРЗАБЕКОВ
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент.