Әлеумет

Үш айда едәуір айығып шығады

Елімізде ерекше жандарды қорғау, қамқорлық жасау аса маңызды. «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңында «Мүгедектектігі бар адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуі – мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап күту, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралу процесін жүзеге асыру» деп нақты көрсетілген.

Ерекше жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында еліміздің әр аймағында арнайы орталықтар ашылған. Солардың бірі – облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Әлеуметтік оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесі. 150 төсек орынға арналған орталық 2023 жылдың қазан айында пайдалануға берілген болатын. Содан бері 800-ге жуық адам осы мекеменің игілігін көріп үлгерген.

Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарияларға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бір айта кетерлігі, мұнда емделу ұзақтығы – үш ай ғана. Бірақ, мүгедектігі бар кісілерге бір жылдан соң тағы бір мәрте келулеріне рұқсат бар. Ал егде жастағы кісілер сол үш ай бойы емделумен шектеледі. Себебі, емделгісі келетіндер көп.

Қазірдің өзінде 480 кісі кезекте тұр екен. Орталық директоры Индира Қожамқұлованың айтуынша, мұнда 8 бағыт бойынша тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, экономикалық, құқықтық мәселелер бойынша көмек береді. Еңбекке баулу, мәдени жұмыстар да тұрақты жүргізіледі.

Ерекше жандарға қажетті барлық құрал-жабдықтар сатып алынған. Мүгедектектігі бар адамдардың оңалуына, емделуіне барлық жағдай жасалғанына көзіміз жетті. Бірқатар қызмет алушылармен сөйлесіп, жағдайын да сұрадық.

Риясыз қамқорлыққа ризамыз

Емделіп жатқандардың арасында алуан мамандық өкілдері, түрлі тағдыр иелері бар. Мәселен, ІІ-топ мүгедектігі бар Дүйсенбек Тауасаров 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан екен. Желтоқсан оқиғасы – ел азаттығының бастауы ретінде айтылып жүр. Демек, Тауасаров Тәуелсіз еліміздің алғашқы қадамдарына үлес қосқан адам.

Полигон зардаптарын көзіммен көрдім

Келесі емделуші Шу ауданынан келген 77 жастаға ақсақал Бектен Қарғабаев. І-топтағы мүгедектігі бар азамат жас күнінде Семей полигонында әскери қызметте болыпты. Денесінде сол уақыттан қалған зардап бар.

Отыз жыл бас есепші болған

Емделушілердің қатарында жасы үлкені 79 жастағы Роза Сержанова. ІІ-топ мүгедектігі бар әжеміз кезінде қызмет те істеген екен. Мамандығы – есепші. Жас күнінде еңбектің өрінен көрінген білікті маман. Маңдайға жазылса талай кісі қызмет атқарады. Үлкен орындарда да отырады. Бірақ адам ізгілік пен кісілік қасиетін жоғалтпағаны жөн. Сонда сол адамгершілік кейін өзінің алдынан жақсылық болып шығады. Әркімнің жолы әртүрлі. Дегенмен, адамдар көбінесе жасаған жақсылығының жемісін көреді.

«30 жасымнан бастап зейнетке шыққанша құрылыс, химия саласына қатысты мекемелерде есепші, бас есепші болып ұзақ жыл еңбек еттім. Өзім Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Семей қаласына жақын кішкентай қалашықта туып өстім. Жолдасым екеуміз қызмет жағдайымен Әулиеата жеріне ертеректе келгенбіз. Екі ұлым бар еді. Екеуі де бақилық болды. Адам ешкімнен ауыр тағдыр сұрамайтыны анық. Амал нешік, жағдай осылай болды. Дегенмен, екі баламнан ұрпақ қалды. Соған тәубе деймін. Бір немерем әскери салада қызмет істейді, әскери шені – подполковник. Өзім келініммен бірге тұрамын. Балам бақилық болса да, келінім маған жақсы қарайды. Көңілімді аулап тұрады. Ол да Алланың маған жасаған жанашырлығы шығар. Осылайша, жасым ұлғайған шақта келініммен сырласып, сыйласып отырған жағдайым бар», – деді Роза апай.

Ал Жамила Жанысбаева болса шалғайдағы Сарысу ауданы, Түгіскен ауылдық округінен келіпті. Үш ұл-қызынан 7 немере сүйіп отырған әже. Осыдан біраз жыл бұрын миына қатты зақым келіп, ауырған. Бірнеше жыл қасында қызы көмекші болып жүрген. Соңғы үш жылдан бері жағдайы жақсарып, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетіпті. Осы жолы орталыққа көмекшісіз келіпті.

Біз мүгедектігі бар өзге де кісілердің бөлмелерін аралап шықтық. Егде жастағы Өрісбек Бөлтірік, жуалылық Мейрамбек Зембаев, таластық Қалдан Бектасов және басқалар орталық қызметіне ризашылықтарын жеткізді.

Қызмет алушыларға сапалы қызмет

Орталықта еңбекке баулу мақсатында, қол өнері, мүсіншілік саз өнері бойынша мамандар жұмыс істейді. Аспазшылардың тәулігіне 4 мезгіл дайындаған тамақтары да қызмет алушылардың көңілінен шығады. Бұл ретте бірқатар мамандардың белсенді еңбектерін атап өту ләзім. Ол туралы орталық директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айнұр Ермашева айтып берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы