Әлеумет

Ата-анаға құрмет – жақсылықтың үлкені

Әр адам баласы үшін өмірде аяулы әкешешенің орны бөлек. Олар сенің өмірге келуіңе себепкер болған, сені мәпелеп өсірген, ең жанашыр адамдар. Өкінішке қарай қазір кейбір перзенттер есейген соң ата-анаға қарсы шығып, көңілдерін қалдырып жүргені жасырын емес. Ал шариғатта ата-ананы сыйлау ерекше маңызбен айтылады. Қасиетті Құранда: «Ата-аналарыңа «уһ» демеңдер!» деп қатаң ескертеді.

Жаратушы солай бұйырып тұрса да, біз не істеп жүрміз? Түн ұйқысын төрт бөліп тәрбиелеген сол асыл адамдарға не жақсылық жасай алдық? Керісінше күн сайын әлеуметтік желіден небір жайсыз хабарларды естіп, жағамызды ұстағалы қашан. Бір жолы облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде жұма намаз алдындағы насихатты аталған мешіттің найб-имамы, медресе ұстазы Нұралы Бақытұлы жүргізді. Жүрегі бар адам болса жүрекке жеткізді деп ойлаймын.

Міне, ананың көңілі! Қазір осы мешіттен шыға сала әкеңіз болса әкеңізге, анаңыз болса анаңызға қоңырау шалыңыздар, жақсы көретіндеріңді айтып қуантыңыздар. Әрине, көптеген кісілерде ондай мүмкіндік жоқ. Ата-аналары бақилық болып кеткен. Олар ата-анасымен қарым-қатынаста болған кісілерді қуантса, сол кісілерге сәлем берсе, оның сауабы үлкен» деп еді найб-имам. Иә, өмірде жылылықтан гөрі қаталдықты көбірек көреміз.

Ата-анаға соншалықты елжіреп тұрған балалар аз. Керісінше, жүрегіңді ауыртар жағдайлар көп. Мен 80 жасқа келген бір әжені білемін. Тараз қаласында көпқабатты үйлердің бірінде жалғыз өзі тұрады. Бұрын қариясы екеуі тұратын. Қариясы (отағасы) бақилық болып кеткен соң, жалғыз өзі қалды. Сол кісінің 5 ұл, 3 қызы бар. Бір кісіні бағып-қағуға осынша перзент аз емес шығар. Бірақ осы 8 перзенттің бірі де қасында емес, 80 жастағы әже жалғыз тұрады. Ол ол ма, осы баланың ішінде әженің жағдайын жиі сұрап тұратын балалары екі-үшеу ғана. Неге олай? Неге қатыгез болып кеттік? Жақында әлгі әже қарттар үйіне барыпты. «Жалғыз қалдым. Сіздер қамқорлыққа алыңыздар», – депті директорына.

Директор ол үшін бүкіл перзенті шешесінен бас тартуы керек екендігін айтыпты. Қандай ауыр. Осыны естіген әженің мейірімді бір қызы мен ұлы жылап келіп шешелерін бас салыпты. «Қарттар үйіне барамын дегенді айтпаңызшы» деп жалыныпты. Әлгі әже осылайша, мемлекеттің қамқорлығына бармай қалды.

Айтайын дегенім, ата-ана сенің ең қымбат адамың. Ол кісілердің көз алдыңда жүргені, үйіңде қуанып отырғаны бақыт емес пе? Ертең-ақ ол кісілер келмеске кетеді. Сол кезде өкінеді адам. «Көзі тірісінде неге құрметтемедім?» деп сол кезде бармақ тістейді. Сондықтан бар жақсылықты атаанаңызға жасаңыздар! Шариғаттың да ескертетіні осы. Сіздің Алла жолында жинайтын сауабыңыз да ата-анаға деген құрметіңізбен, сол кісілерге көрсеткен құрметіңізбен өлшенеді.

 

Есет ДОСАЛЫ