Қоғам

Болашақтың бизнесі қандай болады?

Respublica партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараз қаласында «Болашақтың бизнесі: жаңа мүмкіндіктер мен трендтер» атты ауқымды бизнес-форум өтті. Шараға 500-ге жуық кәсіпкер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, салалық сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Форумның негізгі мақсаты – өңірлік кәсіпкерлікті дамыту, тәжірибе алмасу алаңын құру және жаңа экономикалық жағдайдағы бизнестің заманауи мүмкіндіктерін айқындау болды.

Іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауында айтылған басым бағыттар кеңінен талқыланды. Сарапшылар жасанды интеллектіні бизнесте қолданудың маңыздылығына ерекше тоқталып, цифрлық шешімдердің тиімділігін нақты мысалдармен көрсетті. Форум «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінің көрме залында өтті. Шара бағдарламасы ұлттық рух пен инновациялық ойды үйлестірген мазмұнымен ерекшеленді.

Форум алдында қатысушыларға арналған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, онда киіз, зергерлік, тоқыма өнері және ұлттық тағамдар үлгілері ұсынылды. Көрменің екінші бөлігіне күзгі егістік өнімдері – түрлі жемістер мен көкөністер қойылды. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен Ұлттық банк және Фридом банк өкілдері арнайы ақпараттық алаңда кәсіпкерлерге кеңес беріп, бағдарламалар туралы ақпарат ұсынды.

Форумның ашылуында алғашқы сөзді «Respublica» партиясының облыстық филиалының төрайымы Айнұр Келімбетова айтып, қатысушыларды құттықт ады. Форумның модераторы ретінде «Хабар» телеарнасының тілшісі Алмас Тоғай жүргізушілік етті.

Форумның а лғашқы спикері, Respublica партиясының тең төрағасы және «Shonbay Inc» компаниялар тобының негізін қалаушы Қуаныш Шоңбай болды. Ол кәсіпкерлерге жаңа экономикалық жағдайда бейімделу мен инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтіп, қазіргі заман кәсіпкеріне қажетті басты құндылықтар жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ Тараз жұртшылығының жылы қабылдауына алғысын білдіріп, партияның құрылу кезеңінде жамбылдық кәсіпкерлер мен қоғам өкілдерінің белсенді қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова бизнестегі әйелдердің белсенділігін арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мен мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікір білдірді. Бұдан кейін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Жамбыл облыстық филиалының директоры Мұғазан Қаңлыбаев қордың аймақтағы жобалары мен кәсіпкерлерге арналған жаңа қаржылық құралдар туралы баяндады.

«Re. Women» әйелдер қауымдастығының негізін қалаушы және төрағасының орынбасары Айдана Тоғызбаева өз сөзінде әйел кәсіпкерлердің қоғамдағы рөлі мен әйелдер бизне сінің әлеуметтік маңызын атап өтті. Ол сонымен қатар Respublica партиясы әйелдер кәсіпкерлігіне ерекше назар аударатынын және осы бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Форумда сондай-ақ кәсіпкер Шерзод Бабаев «Жасанды интеллект арқылы бизнесті автоматизациялау процесі» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект арқылы бизнес үдерістерін оңтайландыру тәжірибесімен бөлісті.

Жиынның сұрақ-жауап сессиясында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған мәселелер бойынша нақты кеңес алып, тәжірибе алмасты. Шараның қорытынды бөлімінде «Re. Women» қауымдастығының белсенді мүшелеріне облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Темірхан Алғыс хаттар табыстады. Бұл сәт әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы еңбегіне деген жоғары құрметтің көрінісі болды. Форумнан кейін өңірлік дизайнерлердің сән көрсетілімі өткізіліп, қатысушы қыздардың барлығына гүл шоқтары сыйға тартылды.

Жалпы алғанда, «Болашақтың бизнесі: жаңа мүмкіндіктер мен трендтер» бизнес-форумы Жамбыл өңірінің кәсіпкерлері үшін маңызды платформаға айналды. Шара инновация мен дәстүрді ұштастырып, жасанды интеллект дәуірінде аймақтық бизнестің жаңа даму жолдарын айқындады. Форумда айтылған идеялар мен ұсыныстар алдағы уақытта өңірлік экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар форум барысында қатысушылар көптеген пайдалы ақпарат алды, тәжірибе алмасып, жаңа іскерлік байланыстар орнатты.

Кәсіпкерлер мен сарапшылар өзара пікір алмасып, ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Іс-шараға қатысқан қонақтар үшін бұл форум тек кәсіби білім мен тәжірибе алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа серіктестіктер мен жобаларға бастау болған маңызды оқиға ретінде есте қалды. Айта кету керек, форумға «Re. Women» әйелдер қауымдастығының Шымкент және Қарағанды қалаларынан арнайы келген өкілдері де қатысты. Олар өз өңірлеріндегі әйел кәсіпкерлердің жетістіктері мен тәжірибесін бөлісіп, қатысушыларға шабыт сыйлады. Бұл өз кезегінде өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің біртұтас желісін дамытуға үлес қосты.

Таразда өткен бұл форум – еліміздің кәсіпкерлік экожүйесінде жаңа серпін берген, жаңашыл ой мен ұлттық құндылықты тоғыстырған ерекше шара болды. Көпшілік үшін бұл кездесу тек бизнес жайлы пікірталас емес, Қазақстанның болашағы – табысты, ойы еркін, технологияны меңгерген жаңа буын кәсіпкерлердің қалыптасып келе жатқанын айқын көрсеткен маңызды оқиға ретінде есте қалды.

 

Ерман ӘБДИЕВ