Шолпысы сыңғырлаған, бұрымы бұлғаңдаған арулар сынға түсті
Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне орай «Қыздарға әсемдік жарасады» тақырыбында бұрымды қыздар арасында байқау өтті.
Қалалық әкімдік және ардагерлер кеңесі ұйымдастырған іс-шара жас қыздарды ұлттық дәстүрімізге сай әдептілікке, инабаттылыққа, кішіпейілділік пен сұлулыққа, қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуге үйретуді мақсат тұтты. Сонымен бірге шашты күту, оны өсіру, баппен тарап өру сияқты қазақ қызына тән қасиеттерді өскелең ұрпаққа өнеге ретінде көрсетуге бағытталды. Байқаудың талабына сәйкес, шашының ұзындығы бір метрден асатын, ал қалыңдығы 10 сантиметр болатын 15-25 жас аралығындағы ару қыздар қатысушылардың қатарынан табылды.
Айта кету керек, арулар қазақтың ұлттық нақышта тігілген заманауи киімімен қатысуға міндеттелген. Бес кезеңнен тұратын бұрымдылар сайысына педагогика ғылымдарының докторы, профессор, қалалық ардагерлер кеңесі «Аналар алқасының» төрайымы Жанат Сарыбекова, қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Кәмила Абашова, жоғары санаттағы ардагер ұстаз Нәзипа Садықова, қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков және қалалық мәдениет үйінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Байжан Абеков қазылық етті.
Бірінші кезеңде қазылар алқасы қыздарды шашының ұзындығы, қалыңдығы және сахнаға шығу мәдениеті мен образы бойынша бағалады.
Екінші кезеңде қатысушылар бейне слайдтар арқылы өздерін және отбасы мүшелерін таныстырды.
Үшінші «Білікті қыз» аталымында қатысушылар салт дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, аяқталмаған мақал-мәтелдерді жалғастырды. Ал төртінші кезеңде қыздар жеміс-жидектерді әсемдеп турау бойынша шеберлік сабақтарын көрсетті. Сондай-ақ соңғы бөлімде сайыскерлер кешкі салтанатты жиындарға арналған сәнді көйлектерін көрсетіп, әртүрлі заманауи үлгідегі шаш өрімдерін өріп, өз шеберліктерін лайықты деңгейде таныта білді.
Одан бөлек, өздерінің шаш күтімі туралы айтып, бұрымды қыздардың ерекшелігі туралы сөз қозғады. Байқаудың қорытындысы бойынша қатысушылардың арасынан оқ бойы оза шығып, ең ұзын бұрымымен ерекшеленген Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің студенті Шапағат Әкімғали бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орын көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сәнді киім үлгісін көрсете білген М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Альбина Тілепке бұйырды.
Сонымен бірге сұлулығымен жұртты өзіне қарата білген Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Балнұр Шоман үшінші орынға лайық деп табылды. Жеңімпаздар және басқа да қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мақпал СҮЙІНБАЙ