Жамбылдық өнерпаздар Германия сахнасын әуенмен тербетті
Германияның Саарбрюккен қаласында 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты мәдени іс-шара өтті. Кеш аясында облыс әкімдігінің қолдауымен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Қазақ елі» ансамблі мен өнер шеберлері «Қазақстан – құтты мекенім!» атты мазмұнды концерттік бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.
Мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы мен Саар өңірлік өнеркәсіп-сауда палатасы (IHK Saarland) бірлесе ұйымдастырды. Бұл іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналып, екі ел арасындағы достық көпірін одан әрі нығайта түсті. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен рухани мұрасын дәріптеген музыка кеші көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Концертке Саар жері билігінің, мәдениет, өнер және білім салаларының өкілдері, Германиядағы қазақ диаспорасының мүшелері, жергілікті іскерлік қауымдастық, сондай-ақ Саарбрюккен тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мәдени іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы стратегиялық байланыстар мен жоғары деңгейдегі өзара сенімнің дамуына тоқталды:
Сонымен қатар IHK Saarland Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының бас атқарушы директоры, доктор Франк Томе Қазақстан мен Саар өңірі арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:
Сахна төрінде өнер көрсеткен жамбылдық өнерпаздар неміс көрерменін ұлттық әуенмен тербетіп, домбыра, жетіген мен қобыздың үні арқылы қазақ даласының терең философиясы мен тұмса табиғатын сезіндіре алды.
Кештің репертуары қазақ классикасы мен заманауи шығармаларды, халық күйлері мен әлемдік туындыларды қатар қамтыды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндері, Құрманғазының «Серпері», Қазанғаптың «Ақжелеңі», сондай ақ Paul Lincke-нің әйгілі «Berliner Luft» туындысы – барлығы жоғары кәсіби деңгейде орындалып, мәдениет үндестігін ерекше сездірді.
Концерттің финалында орындалған «Атамекен» әні – көрермендерді ерекше тебірентіп, залда шынайы ұлттық мақтаныш сезімін оятты.
Aq jol-Aqparat