Үйде де, түзде де бірге
Тараз қаласының солтүстік батысындағы Аса ауылының тумасы Асхат Оспанов бала күнінен әскери форма киіп, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлындай құрметке бөленуді армандаған. Ол дәл осы арман-мақсатына қол жеткізу үшін 32363 десанттық-шабуылдаушы бригадасында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Бұл – 2000 жыл болатын. Ал арада екі жыл өткенде аталған бөлімде келісімшарт негізінде қызмет етуге бел байлайды. Жерлесіміз ә дегеннен-ақ әскери саланы бекер таңдамағанын дәлелдеп, уақыт өте бөлімше командирі болады.
Осылайша, әуелі Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында прапорщик мектебінде 4 ай оқып, кейін жоғары оқу орнын тәмамдаған ол лейтенант атағын алады. Мұнан соң командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, мәдени демалыс орталығының басшысы ретінде тер төгеді. 2023 жылы 54380 әскери бөліміне командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып ауысады. Шені өсіп, майор атанды. Ұжымында зор құрметке ие, қызметке деген құлшынысы ерекше майор – өз ісінің нағыз шебері.
Мемлекеттік қызмет Қиындығы мен қызығы қатар әскери салада өмірлік жарын кездестіргендер көп. Мұндай бақ бүгінгі кейіпкеріміздің де маңдайына жазылған екен. Келіншегі Бегзатпен десанттық шабуылдаушы бригадасында еңбек еткен жылдары табысқан. Бұл күнде олар түзде де, үйде де бірге. Үлкен қызы Әсел 8-ші, ұлы Қайсар 6-шы сыныпта оқиды. Сүт кенжесі Інжу – балабақшада.
Айта кетейік, Бегзат Сұртаеваның да Отан қорғаймын деп әскери қызметке келуі бекер емес. Өйткені, екеуінің де атасы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан. Кейіпкерімізбен жиырма жылдан астам бір салада қол ұстасып бірге келе жатқан Бегзат та отағасымен бірге қызмет істегенінің пайдасы зор екенін тілге тиек етті.
Есен ӨТЕУЛІ