Экономика

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Нұрлыкентті еңбеккерлер мен диқандар ауылы десек, мұнда ауыл шаруашылығымен қатар өсімдік шаруашылығын дамыту ісінде жыл он екі ай бойы уақытпен санаспай еңбек етіп келе жатқан табанды жандарды көптеп кездестіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың әрбір екінші тұрғыны қара жерді қасиеттеп, оған егін егумен тұрақты айналысады.

Биыл округ шаруалары мен диқандары көктемгі дала жұмыстары кезінде барлығы – 3 295 гектар алқапқа егістік еккен. Оның 1820 гектарына жаздық арпа, 380 гектарға мақсары, 379 гектарға картоп және 111 гектар алқапқа көкөніс егіліп, күтіп-бапталды.

Ауданда биыл барлығы 2500 гектардан астам алқапқа «екінші нан» саналатын картоп дақылы егіліп, бапталса, соның 379 гектарға жуығы нұрлыкенттік картоп өсіруші шаруаларға тиесілі. Ал қасиетті өңірде көкөніс және бау-бақша дақылдарының басым бөлігін осындағы еңбекқор диқандар өсіріп-өндіріп, отандық нарықты экологиялық таза өнім түрлерімен қамтамасыз етіп келеді.

Қазір ауданда бау-бақша алқаптарынан өнім жиналып, бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүргізілуде. Әсіресе, жиын-терін жұмыстары Нұрлыкент ауылында қызу. Ауылдағы еңбексүйгіш диқан отбасының бірі – Құрышбаевтар әулеті. Бұл отбасы диқаншылықты өмір салтымен қоса табыс көзіне айналдырып, ширек ғасырдан бері аталған еңбек кәсібінің түрімен тұрақты айналысып келеді. Биыл олар шамамен 2-3 гектардай егістік алқапты тиімді игеріп, оған қырыққабат пен сәбіз егіп, күтіп-баптағандарын айтады.

Ауыл сыртындағы алқапқа егілген қарыққабатты жинап алып, оны саудалап үлгерген еңбекқор диқан отбасы ендігі кезекте 1,5 гектар алқапқа егіліп, жаз бойы күтіп бапталған сәбіз дақылының өнімін жинауға кірісті. Осыншама алқапқа егілген сәбіздің «мүшәкі» деп аталатын сұранысқа ие сұрпынан жиналып жатқан өнім де көңіл қуантып, көз сүйсіндіреді. Алқап басында жұмыс қызу. Ауа райының қолайлы кезін тиімді пайдаланған диқан отбасының мүшелері сәбізді алқап басынан тазалап, сұрыптап жатыр.

Тауардың сапасы жақсы болғаннан кейін оған сұраныс та жоғары болатыны анық. Қазір алқаптан жиналған сәбіз өнімі жергілікті нарықпен қатар, көршілес Түркістан облысының Түлкібас және Сайрам аудандарына жөнелтілу үстінде. Ауыл сыртында алқаптарға сәбіз егіп, оны жаз бойы күтіп-баптаған жергілікті диқандардың кейбірі алымсақтармен өзара келісім арқылы өнімді түгелдей сатып үлгерген. Сәбіз алқабының басында диқан отбасының отағасы Толқын Құрышбаев, келіншегі Сағадат және ұлы Нұрлан, тағы да екі-үш жалдамалы жұмысшы сәбіздің сабағын кесіп, ірісі мен орташасын бөлек-бөлек сұрыптап, қаптау үстінде.

Науқандық жұмысқа отбасы мүшелерімен қатар, Фатима, Надира есімді ауылдас келіншектер жәрдем беріп, еңбектің көрігін қыздыруда. Диқаншылықты кәсіп етіп, оны тиімді табыс көзіне айналдырған Құрышбаевтар отбасында барлығы алты ұл-қыз және үш немере тәрбиелену үстінде. Ал нұрлыкенттік Әбдірайымовтар әулеті көп жылдан бері диқаншылықты тұрақты кәсіп көзіне айналдырып келеді.

Отағасы Нұржан Әбдірайымов биыл жарты гектарға сәбіз егіп, баптағанын айтады. Одан бөлек, 1,5 гектар алқапқа қырыққабат егілген. Алқап басында келіншегі Жанар екеуі топырақтан жаңа қазылған сәбізді сұрыптап, қапқа салып жатыр.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Жуалы ауданы