Денсаулық

Көз - тіршілікті тану үшін берілген

Бүгінгі күні көпшіліктің 80 пайызының көру қабілеті төмен. Алыстан немесе жақыннан көрмеу су қараңғылық, екі көздің айқасуы, бір көздің екінші көзден айырмашылығының болуы жиі кездесетін көз ауруларына айналды.

Күні кеше ғана 5 жасар ұлымды көз ауруханасына апардым. Дәрігерлер гиперметропия деп анықтама берді. Бұл алыстан көрмеушілік емес, жақыннан көрмеушіліктің жаңадан басталған түрі екен. Бүгінде көзін тексерткен әрбір адамнан бір ахау шығатын секілді. Ата-анамыздың, әріптестеріміздің, туыс-бауырларымыздың бір күнде көз әйнек тағып, кейбірінің отаны өткеріп келуі осыған дәлел. Қазақта көзі сұлу қыздарды «Айнамкөз», «Күлімкөз» деп еркелетсе, бұрыннан жүзі таныс адамды, кейде ата-анамыздың құрбы құрдастарын «Көзкөрген» деп жақын тартқан.

Алайда қанша сұлу болса да көздер сыр алдырмай семе береді екен. Яғни, білдірмей, байқатпай көз жанары суалып, түрлі ауруларға бой алады екен. Бұлай дейтінім көз аурулары баяу дамиды. Біріншіден көздің өткірлігі төмендейді, жанары солғын тартады. Әрмен қарай әр түрлі факторларға байланысты ауру түрлері айқындалады.

Бүгінде смартфон барлық саланы жаулап алды. Телефонға телміргендердің дені жас та, кәрі де көз әйнек киіп жүр. Ауруын асқындырып алғандар қаншама! Уақытылы окулист дәрігерге көрінбей, ем алмай, тақ деген көзәйнекті тақпай жүргендер де жетерлік. Отаға жарамсыз, тек линзамен күнелтіп жүргендер баяғы шоқтай жарқыраған жанарын аңсайды. Облыстық офтальмологиялық орталығы 1987 жылы құрылған және облыстағы ең ірі медициналық кешен. Орталық аурухананың қатардағы бөлімшесінен бастап елдегі ең жақсы клиникалардың бірі-офтальмологиядағы заманауи озық медициналық орталыққа дейінгі үлкен жолдан өтті.

Жоғары білікті дәрігерлердің қарамағында кез келген көру патологиясын сапалы және уақытылы анықтауға және емдеуге мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық диагностикалық жабдықтар бар. Көз ауруларын хирургиялық емдеу үшін орталық жаңа микрохирургиялық операциялық жүйелермен жабдықталған. Аурухананың күндізгі бөлімшесінде 25 төсек, тәуліктік бөлімшесінде 40 төсек бар.

Жыл он екі ай ауруханадан науқас үзілмейді. Кейде арнайы алыстан іздеп келіп көзін емдететіндер бар 12 жылдық еңбек өтілі бар Абзал Райқұлов – осы ауруханадағы беделді дәрігерлердің бірі. Ол консультативті диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі. Көз – өте нәзік орган. Оған қатысты процедуралардан адамдардың қорқатыны да содан шығар. Бірақ, медицинаның дамуымен көз ауруларын оп-оңай анықтайтын аппараттар да пайда болған. Бұрындары мынау қай әріп, қай сан деп тексеруші еді.

Қазір бәрі жаңарған. Мен де жаңа жабдықталған аппараттарға тексерілдім. Көзімнің қысымын анықтау үшін отыз секунд, алыстан не жақыннан нашар көруімді анықтау үшін бес минуттай уақыт кетті. Яғни, көз қысымы еш қолайсыздық тудырмайтын аппаратта өлшенеді. Екі көзіңізге кезек-кезек жел үрлегендей болады. Ал аппараттың келесі жағынан қай көзіңізде қандай деңгейде қысым бар екені қағазға басылып, дайын тұрады. Абзал Мұқатайұлының айтуынша, көздегі қысым «22» деңгейінен асса, дабыл қағу керек. Ондай адамдарды әрі қарай тексеріп, су қараңғылық ауруының ашық не жабық түріне шалдыққанын анықтайды. Адамның жасы 35-40 тан асқан соң міндетті түрде көз қысымына тексерілгені жөн екен. Тексеріле жүріп дәрігермен әңгіме өрбіттім. Ауруханадағы науқастармен тілдестім.

Атыраудан арнайы келіп, көзіне ота жасатқан Гүлназ Байжігітова аурухана басшысы, білікті дәрігер Бақыт Сағатқызына ота жасатқанын айтты.

Шын мәнінде облыстық офтальмологиялық орталықтың әлеуметтік желідегі барлық парақшасы күн сайын жаңалықтарын бөлісіп, заман ағымынан қалыспай отыр. Мекемеде арнайы SMM маманы бар. Мобилограф та жұмыс істейді. Олар науқастардан сұхбат алып, пікірлерін салып отырады. Бүгінгі таңда халыққа офтальмологиялық көмектің барлығы дерлік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетіледі. Түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер жергілікті емханаларда МӘМС аясында қолжетімді.

Глаукоманың әр түрлі кезеңдері, көздің алдыңғы және артқы бөлігінің күрделі патологиялары, катаракта және көз бұршағының орнынан қозғалған жағдайлары, көздің туабіткен ахаулары сияқты тағы да басқа көз ауруларында жоғары технологиялық медициналық көмек, күрделі оталар МӘМС бойынша ауруханаларда халыққа тегін көрсетіледі. Айта кеткен жөн, мұндай медициналық көмек жалпы жоспарлы түрде жасалады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА