Қылмыс хроникасы
Қылмыс хроникасы
Гараж ұрлығына қатысты қылмыстық іс ашылды
4 Тәртіп сақшыларына 52 жастағы жергілікті тұрғын өз үйінің аумағындағы гаражда ұрлық жасалғаны жөнінде арызбен жүгінген. Оның айтуынша, белгісіз ер адам есігі ашық тұрған гаражға заңсыз кіріп, екі дәнекерлеу аппаратын, электрлі велосипед пен қарапайым велосипедті ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі 175 мың теңгені құрайды.
Учаскелік полиция инспекторларының жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 49 жастағы азамат қолға түсті. Бүгінгі таңда күдікті өз кінәсін толықтай мойындап, қолды болған мүлік иесіне қайтарылды. Осы ретте полицейлер тұрғындарды сақтық шараларына мұқият болуға шақырады. Өйткені соңғы уақыттарда ашық қалған аулалар мен гараждарда сақталған талай мүлікті барымташылар қолды қылған.
66 килограмм есірткіні тасымалдау әрекетіне тосқауыл қойылды
«Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жамбылдық полицейлер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583-шақырымында «Ауди-100» маркалы автокөлікті тоқтатады. Ал көлікте көрші облыстың екі тұрғыны – жүргізуші мен жолаушы болған. Қызметтік ит Баронның көмегімен көлікті тексеру кезінде артқы орындықтан 3 қап, ал жүк салғыштан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған 9 қап табылған.
Сараптама нәтижесінде алынған заттың жалпы салмағы 66 килограмм болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты екені анықталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ер азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Мал ұрлығымен айналысқан топ басшысы 7 жылға сотталды
Жуырда Талас ауданы полиция бөліміне осы аудан тұрғындарының шаруа қожалықтарына тиесілі түйе, жылқы және сиыр малдарын ұрлау фактілері бойынша бірнеше арыз түскен. Прокуратураның үйлестіруімен облыстық полиция департаментіне қарасты криминалдық полиция басқармасы және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде өңірде мал ұрлығын кәсіп еткен топтың әрекеті әшкереленді.
Талас пен Мойынқұм аудандарының 42, 48, 33 және 30 жастағы бес тұрғыны алдын ала сөз байласу арқылы 2024 жылғы ақпаннан бастап бір жылдан астам уақыт бойы жайылымдардан 38 бас түйе, 16 бас жылқы және 1 бас сиырды заңсыз иемденген. Келтірілген жалпы материалдық шығын – 24 миллион 550 мың теңге. Тергеу барысында ұрланған малдың басым бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды. Барлық фактілер бойынша Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Ал сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 7 жылға бас бостандығынан айырылса, оның үш сыбайласына 3 жылдан шартты түрде, біреуіне 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алған кәсіпорын анықталды
Көші-қон заңнамасын бұзу және шетелдік жұмыс көшін заңсыз тарту фактілерін анықтауға бағытталған «Заңсыз келуші» іс-шарасы жалғасуда. Тәртіп сақшылары мигранттар жұмыс істейтін нысандарда кешенді рейдтер мен тексерістер жүргізуде. Нәтижесінде, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, бір жұмыс беруші еңбек қызметіне заңды құқығы жоқ 40-тан астам шетелдік азаматты аула сыпырушы ретінде жұмысқа тартқаны белгілі болды. Сондай ақ қоқыс өңдеу зауыттарының бірінде шамамен 30 мигрантты заңсыз еңбекке қабылданған кәсіпорынның қызметі тексерілді.
Бұдан бөлек жеке басын куәландыратын және елде болуға құқығын растайтын құжаттары жоқ адамдардың жөндеу жұмыстарын атқарғаны әшкереленді. Қазіргі таңда барлық жұмыс берушілер мен заңсыз еңбек еткен шетелдік азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кетейік, көші қон заңнамасын бұзған және шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқандар үшін елімізде айыппұл салу мен өзге де шаралар қарастырылған. Сонымен қатар заңға сәйкес республика аумағынан шығару да көзделген.
Мас күйінде трактор айдаған
Полицейлер тұрғын үйлердің бірінің алдынан көк түсті тракторды айдап кеткен ер адамды ұстады. Тергеп-тексеру барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта мас күйінде тракторды тізгіндеп, біраздан соң оны қаланың орталық көшелерінің біріне тастап кеткен.
Көлік иесі оқиға туралы құзырлы органдарға дереу хабарлауының нәтижесінде ол көп ұзамай қолға түскен. Алдын ала мәлімет бойынша оның әрекетінен трактордың иесіне 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Дәл қазір бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Есен ӨТЕУЛІ