Аймақ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық 43,6 пайызға өскен

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімінің жанынан құрылған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – өңірдегі отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы, әйелдер арасындағы суицид себептерін талдау және олардың алдын алу шаралары туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы күрес мамандандырылған бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова баяндама жасады.

Одан бөлек ол отбасын қолдау орталықтарының жұмысы туралы да сөз етті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев денсаулық сақтау орталықтарының қызметі, ерте жүктілік, әйелдер арасындағы суицид, ана мен нәресте өлімі мәселелері бойынша баяндады.

Үшінші мәселе – іскер әйелдер кеңесінің он аудандағы жұмыстарының нәтижелері туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шолпан Кариева мәлімдеді. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы аталған құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс нәтижелерінің көңіл көншітпейтінін баса айтып, қатаң сынға алды.

Сонымен бірге жұмысты бір жүйеге келтіріп, келеңсіз жайттардың алдын алу үшін арнайы «жол картасын» әзірлеп, сол бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ