Аймақ

Сайлау заңын бұзғандар жауапкершілікке тартылады

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы негізгі аспектілер» тақырыбында екі күндік оқыту-семинары өтті. Семинарда сайлау процесінің ашықтығын, әділдігін және жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында комиссия мүшелеріне жаңаша форматта пікір-сайыс және әдіс-тәсілдер түсіндірілді.

Семинарды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды семинардың мақсат-міндеттерімен және күн тәртібімен таныстырды.

Бұдан кейін аталған комиссия төрағасының орынбасары Талғат Жамалов жиынның негізгі мазмұнына тоқталды.

Семинарда учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері он топқа бөлініп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білім-біліктілігін сынға салды. Келесі бөлімде облыстық сайлау комиссиясының мүшелері «Сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің кейбір мәселелері», «Сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу, үгіт, ұлттық байқау және әлеуметтік желілерді әкімшілендіру», «Сайлау тәжірибесі: алдыңғы науқандардағы өзекті мәселелер мен дағдарысқа қарсы коммуникациялар», «Сайлауды қаржыландыру түрлері», сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген жауапкершіліктер» тақырыптарында дәрістер оқыды.

Семинар соңында қатысушылар барлық қарастырылған тақырыптар бойынша тест тапсырып, алған білімдерін бекітті.

 

Ерман ӘБДИЕВ