Жаңалықтар

Кезек көп, талон жоқ: дәрігердің қабылдауына кіру неге қиын?

Қалада да, ауылда да аурухана есігін қаққан жұрттың бірінші байқайтыны – тіркеу бөліміндегі ұзынсонар кезектің көптігі. Әсіресе таңертең ерте барғандардың арасында орынға талас, жүйке тозу, дәрігерге кіре алмай кері қайту – үйреншікті жағдайға айналған. Мұндайда ауырып ауруына шипа іздеп ауруханаға келген адам ашуланбай қайтсін?!

Тіпті интернет арқылы алдын ала жазылып қойғандар да өз уақытын ұзақ күтуге мәжбүр. Ал жазылмағандар үшін дәрігер қабылдауына кіру – қол жетпес арманға айналғандай. Көптеген емханаларда кардиолог, эндокринолог, невропатолог сияқты арнайы мамандарға талон тек бірнеше апта немесе ай бұрын ғана беріледі. Осындайда халықтың көкейінде «Онда біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды не үшін төлеп отырмыз?» деген заңды сұрақ туындайды. МӘМС жүйесі халыққа сапалы әрі тегін медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.

Алайда қазір «сақтандырылған» азаматтардың өзі амалы жоқтығынан жекеменшік клиникаға жүгінуіне тура келеді. Себебі мемлекеттік емханаларда қабылдайтын дәрігер аз, талон жоқ, қажетті тексеру кезегі тым ұзақ және қызмет сапасы сын көтермейді. Сонда дәрігердің алдына ауруына шипа іздеп барған азамат екі рет шығындалып отыр десек, артық айтқандығымыз емес. Оның бірі – ай сайынғы сақтандыру жарнасы болса, екіншісі – жеке клиникаға төленген төлем. Бұл – әділетті ме? Әрине, жоқ.

Қазіргі басты проблемалардың бірі – дәрігер жетіспеушілігі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек те облыста дәрігер мамандарының тапшы екенін айтып дабыл қағып отыр. Оның айтуынша, өңірдегі медициналық ұйымдарда бүгінде 15459 медицина қызметкері еңбек етсе, оның ішінде 3463 дәрігер және 11996 орта буын маман бар. Ал өңір бойынша дәрігер тапшылығы шамамен үш пайызды құрайды. Оның ішінде, қала бойынша – 47, ауылдық жерлерде 62 дәрігер жетіспейді екен.

Сонымен қатар мемлекеттік ұйымдарында зейнет жасындағы дәрігерлердің үлесі де жоғары, бұл кадр құрамын жаңартуды қажет етеді.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, кадр жетіспеушілігі, кезек уақтысының ұзақтығы сияқты мәселелерді шешу мақсатында облыста жүйелі шаралар қабылданған. Олар, медициналық кадрларды тарту және бекіту, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ «сақ емхана» қағидатын енгізу арқылы қабылдау уақытын оңтайландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал жоспарланып отырған жаңа емханалар құрылысы және қолданыстағы нысандарды жаңғырту дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігін айтады.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Денсаулық сақтау саласы – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды жүйе дейтін болсақ, бұл салада жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Әрине, мемлекет тарапынан бірқатар қадамдар жасалып жатыр. Дегенмен реформа тек қағаз жүзінде емес, нақты әрекетпен көрінгенде ғана халық сенімі артады. Медициналық қызмет көрсету қолжетімді әрі сапалы болуы тиіс – бұл жай ғана талап емес, әр азаматтың конституциялық құқығы. Сонымен қатар тағы бір айта кетерлік маңызды мәселе – халыққа нақты қандай қызметтерді тегін алуға болатынын ұдайы түсіндіруі тиіс. Себебі, қазіргі уақытта көптеген азаматтар өз құқықтарын білмейді, не талап ете алмайды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ