Ерлік пен адалдықты ту еткен
Биыл өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төтенше жағдайлар қызметіне – 30 жыл толып отыр. Бұл үш онжылдық түрлі деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою жолында табанды еңбекті талап еткен айтулы кезең. Осы жылдары аталған ведомствомен бірге оның ержүрек қызметкерлері де есейіп, өз ісінің кәсіби мамандарына айналғаны сөзсіз. Батылдықтың, борышқа адалдық пен қоғамға шынайы қызмет көрсетудің ерен үлгісін көрсеткен төтеншеліктер отыз жыл бойы өзгелерді құтқару үшін өз өмірін қауіпке тігіп келеді. Мерейлі мерекеге орай облыс орталығында да бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы Халық қаһармандары Ғазиз Байтасов пен Мейіржан Аймановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов пен азаматтық қорғау саласының жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Еске салайық, марқұм Мейіржан Көпбосынұлы 2021 жылы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінде орын алған жарылыс салдарынан ерлікпен қаза тапқан еді. Ол көзі тірісінде облыстық департаментке бағынысты сол кездегі «Өрт сөндіру» және «Авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесі бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Жалпы, еңселі ескерткіш бейбіт өмірде айтып келмейтін апат барысында қапыда құрбан болған өзге де қызметкерлердің де құрметіне орнатылған.
Бұдан кейін жиналғандар орталық алаңға қарай бет түзеді. Мұнда мерекеге орай ең үздік өрт сөндіру және құтқару техникасы мен жабдықт арын ың көрме сі ұйымдастырылды. Келушілерге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріндегі өртті сөндіру, төтенше жағдайлардың салдарын жою, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қолданатын заманауи арнайы техника мен жабдықтар көрсетілді. Ал төтенше жағдайлар департаментіне 14 техника табыс етілді. Іс-шара «Баласағұн» орталық концерт залында өз жалғасын тапты.
Мұнда ең әуелі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрам қызметкерлері мен азаматтық қорғау саласының ардагерлеріне Төтенше жағдайлар министрі генералмайор Шыңғыс Әріновтің құттықтау хаты оқылды. Содан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, артта қалған үш онжылдық – ерлік пен адалдықты, батылдық пен жауапкершілікті ту еткен жандардың мерекесі екенін атап өтті.
Іс-шара барысында өз міндетін мүлтіксіз атқарған басшы құрамның бірқатар қызметкерлеріне мерзімінен бұрын арнаулы атақтары берілді. Сондай-ақ өзгелері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Бұдан бөлек аймақ басшысының атынан өңірлік төтенше жағдайлар департаментіне басаяғы 10 теледидар тарту етілді. Осы күні қызметтік борышын атқару кезінде түрлі төтенше жағдайларда қапыда көз жұмған азаматтық қорғау саласының нағыз батырларының аналары мен жұбайларына да қаржылай сыйақы табысталды.
Айта кетейік, отыз жыл ішінде төтеншеліктер ел бойынша 400 мыңнан астам адамның өміріне араша түссе, нақ осы жыл басынан бері жамбылдық жігіттер 103 азаматты ажалдан арашалап қалған. Оның ішінде 24-і бала. Жалпы, есепті кезеңде әулиеаталық азаматтық қорғау саласының мамандарына 4935 шақырту түскен екен.
Есен ӨТЕУЛІ