Жаңалықтар

Жамбыл филармониясының өнерпаздары Германия сахнасында қазақ мәдениетін танытты

Германияның Саарбрюккен қаласында «25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне» арналған салтанатты мәдени шара өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Кеш аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Қазақ елі» ансамблі мен өнер шеберлері «Қазақстан – құтты мекенім!» атты мазмұнды концерттік бағдарламасын неміс көрерменінің назарына ұсынды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы және Саар өңірлік өнеркәсіп-сауда палатасы (IHK Saarland) бірлесіп ұйымдастырды. Бұл мәдени кеш Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналып, екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайта түсті.

Мерекелік концертке Саар жері билігінің, мәдениет, өнер және білім салаларының өкілдері, Германиядағы қазақ диаспорасы, жергілікті іскерлік қауымдастық мүшелері және Саарбрюккен тұрғындары қатысты.

Кештің ашылуында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы стратегиялық байланыстар мен мәдени серіктестіктің маңыздылығына тоқталды:

Сондай-ақ IHK Saarland Сауда-өнеркәсіп палатасының бас атқарушы директоры доктор Франк Томе екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың даму қарқынына тоқталып, мәдени іс-шаралардың өзара түсіністікті арттырудағы рөлін атап өтті:

Сахна төрінде өнер көрсеткен Жамбыл облысының өнерпаздары неміс көрерменін ұлттық әуенмен тербетіп, домбыра, жетіген және қобыздың үні арқылы қазақ даласының рухы мен табиғи сұлулығын сезіндіре алды.

Кештің репертуарына қазақ классикалық және заманауи туындыларымен қатар, әлемдік шығармалар да енді. Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай», «Көзімнің қарасы», Құрманғазының «Серпері», Қазанғаптың «Ақжелеңі» және неміс композиторы Paul Lincke-нің әйгілі «Berliner Luft» шығармасы көрермендер тарапынан зор ықыласпен қабылданды.

Концерттің финалында шырқалған «Атамекен» әні көрермендерді ерекше толқытты. Залда отырғандар қазақ мәдениетінің рухани тереңдігін сезініп, өнерпаздарға ұзақ қол шапалақтады.

Бұл іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы достықты, өзара құрмет пен мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалмақ.