«Таңбалы тарих»–ақтаңдақ жылдардың айшықты таңбасы
Жыл басынан бастау алған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында белгілі тарихшы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мадияр Ералыұлының «Таңбалы тарих» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
Алдымен журналистің ұқыптылығын айту керек шығар. Ол Қазақстанда белең алған ашаршылықтың 100 жылдығына орай 2021 жылы Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығымен арнайы құрылған комиссияның өңірлік құрамында болып, яғни 2021-2023 жылдар аралығында аймақта өткен ғасырдың отызыншы жылдары орын алған қасіретке қатысты тың деректер мен архивтік материалдарды іздестіріп, жинақтаған еді. Енді, міне, кейінгі ұрпаққа қажетті бұл дүниелер кітап болып жарыққа шықты. Жаңа туынды Әулиеата өңірінің ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы тағдырлы кезеңдерін мұрағат деректері арқылы беруімен ерекшеленеді.
Автор байлардың мүлкін тәркілеу, ұжымдастыру науқаны, халық көтерілістері мен ашаршылық зұлматы сияқты ел тарихындағы ауыр оқиғаларды нақты архив материалдары негізінде саралаған. Кітапқа Қазақстан Республикасы Президенті архиві, Қазақстан Орталық мемлекеттік архиві және Қазақстан Ұлттық кітапханасының алтын қорларынан алынған тың деректер енгізілген. Ізденушінің саралай жүйелеген еңбегіне елімізге белгілі ғалымдар да жоғары баға беріп, өз пікірлерін білдіріпті. Атап айтар болсақ, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Серсенбина: «Кеңестік биліктің адам құқын, адамның өмір сүру құқығын аяққа басқан саясаты салдарынан дінге, ұлттық болмысқа зиян келтірілді.
1920-1930 жылдары еліміздің барлық өңірлерінде халық мүддесіне қайшы саяси-экономикалық науқандар жүргізіліп, оның ауыр с алдарынан халқымыздың тең жартысынан астамынан айырылдық.
Аталған еңбектің тарихи маңыздылығы зор. Себебі, еңбекте ХХ ғасыр ширегіндегі Қазақстанның және сол кезеңдерде Сырдария губерниясының құрамына енген Әулиеата аймағындағы кеңестік биліктің халықтың мүддесіне қайшы саяси-экономикалық компанияларының зардаптары тарихи деректермен қарастырылған.
Автор деректерге сүйене отырып, кешегі биліктің адамды өмір сүру құқығынан айырған саясатын, халық мүддесіне қарсы шаралардың ауыр салдарын деректер негізіне алған» деп баға берсе, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев былай пікір білдіріпті:
«Жас зерттеуші Мадияр Ералыұлы тәуелсіздік жылдарында тарихшы ғалымдардың кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тұсында жарық көрген бір сарынды зерттеулерден өзгеше ғылыми еңбектерді пайдалана отырып, Әулиеата өңірінде орын алған, күні бүгінге дейін көпшілікке беймәлім оқиғаларды ғылыми тұрғыда жаңғыртады».
Жаңа кітаптың таныстырылу рәсімін орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық ашып, еңбектің ғылыми және тәрбиелік маңыздылығына тоқталды.
Ол: «Тарихты білу – елді сүюдің бір көрінісі. Мұндай еңбектер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға зор үлес қосады. Өлкетанушылар үшін де бұл кітаптағы деректер жаңа ізденістерге жол сілтейді» деп атап өтті.
Туындының мазмұны мен құрылымы жөнінде өңірдегі бірқатар ғалымдар мен сала мамандары да өз пікірлерін ортаға салды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Сәмен Құлбарақ еңбектің тілдік және баяндау ерекшеліктерін айта келе, ғылыми дәйектілігіне жоғары баға берді.
«Зум» платформасы арқылы онлайн байланысқа шыққан тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласы филиалының директоры Құралай Сәрсенбина кітаптың деректік құндылығы мен әдістемелік ерекшелігіне тоқталды. Сондай-ақ тарихшы-археолог, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры, тарих магистрі Сауран Қалиұлы, облыстық мемлекеттік архивтің бөлім меңгерушісі Сағындық Зейноллаұлы, архив саласының тәжірибелі маманы Назым Қожамар еңбектің ғылыми айналымға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Таныстырылым барысында «Таңбалы тарих» кітабының негізгі тақырыптарын қамтитын бейнеролик көрсетілді.
Жиын соңында кітап авторы Мадияр Ералыұлы сөз алып, бес жыл бойы жүргізілген ізденіс жұмыстарының нәтижесінде тың материалдарды қалай жинақтап, кімдермен сұхбаттасқанын тілге тиек етті.
Ерман ӘБДИЕВ