Қоғам

Баспасөзге жазылушылар күні өтті

«Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жазылушылар күні» өтті. Қазір газет-журналдарға 2026 жылға жазылым басталған науқан. Осыған орай аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, акционерлік қоғамның жазылушылармен бірлесе атқарып жатқан жұмыстары талқыланды.

«Қазпошта» акционерлік қоғамы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына енген компания. Материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай дамыған кәсіпорын 100-ден астам қызмет түрін көрсетеді. Соның ішінде жазылымды қабылдап рәсімдегеннен кейінгі, жазылушыға уақытылы жеткізілуі, осы қызметтің бәрі арнайы компьютер бағдарламасында өңделіп қадағаланады екен. Бүгінгі күнге аудандарға логистикалық айналым бағыттары алты күнге жиілетіліп, аудан орталықтарындағы жазылушыларға күнбе-күн жеткізу қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ бұл іске 11 орталық операциялық телімінің, 18 қалалық, 146 ауылдық, 4 жылжымалы пошта байланысы бөлімшелерінің, 8 пошта байланысы пунктінің қызметкерлері мен 388 пошта тасушы курьер күші жұмылдырылып отыр. Өз қызметін тыңғылықты жүргізіп отырған мекеменің жалпы мерзімді басылымдардың, оның ішінде жергілікті газет-журналдардың қазіргі таралым деңгейін сақтап, одан әрі артуына қосар үлесі мол боларына бек сенімдіміз.

Басқосуда облыстық «ҒұмырДария» газетінің меншік иесі, «ТОТО Мұра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жаңабай Миллионов, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингі бөлімінің басшысы Бекнұр Сатыбалдиев, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалы, осы серіктестікке қарасты «Знамя труда» газетінің Бас редакторы Людмила Мельник, «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, «Жамбыл-Тараз» газеті редакц иясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас бухгалтері Индира Тайлыбаева сөз сөйлеп, бүгінгі күні жазылушылар үшін пошта қызметінің ақысы жоғары болып отырғандығын алға тартты.

Ал «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Дархан Асылханов бұл мәселелерді орталық аппаратта көтеретіндігін айтты.

 

Ерман ӘБДИЕВ