Экономика

Атқарылған іс ауқымды, межеленген міндет те көп

Мойынқұм ауданы облыс орталығынан шалғай жатқанымен, даму, өсу жолы өркениеттен алшақ емес. Өңірде өндіріс және ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Аудан аумағында 684 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатыны 542, егін шаруашылығымен айналысатыны 142 қожалық. Бүгінде бұл шаруашылықтардың иелері алдағы қысқа дайындық жұмыстарын пысықтап алған. Сала мамандарының айтуынша, ауданда 2025- 2026 жылдың мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығының қорын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалып, аяқталып отыр. Мал қыстату кезеңіне пішен – 194 мың 800 тонна көлемінде әзірленген, орындалуы – 104,2 пайыз. Сабан – 3900 тонна көлемінде әзірленген, орындалуы 100 пайыз.

Биыл аудан аумағында мал азығын дайындауға 16 бригадалы 96 ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылып, тиісті жұмыс атқарылды. Тұрмыстық жағдайы төмен 42 отбасыға мал азығын дайындап жатқан бригадалардың жетекшілері нарықтық бағадан 20 пайызға төмен бағада 114 тонна мал азығын түсіріп беріпті. Бұл сауапты іске «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Исабеков, «Аяулым» шаруа қожалығының жетекшісі М. Кожахметов және «Байсубай» шаруа қожалығының жетекшісі К.Құдайбергенов атсалысқан.

Жыл басынан бастап аудан орталығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өндірген өнімдерін 4 рет жәрмеңкеге шығарып, өткізуге мүмкіндік алған. Әлгі жәрмеңкелерде ет, сүт, бал, көкөніс, бақша және балық өнімдері, сонымен қатар мал азығы (пішен, сабан, құрама жем) нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен сатылымға шығарылған. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады дейді мамандар.

Аудан аумағында келер жылға межеленген міндеттер де ауқымды. Мәселен, 2026 жылы ауыл шаруашылығын дамыту аясында, атап айтқанда жайылым және шабындық жерлерді ұлғайту мақсатында ұзындығы 125 шақырымды құрайтын «Фурманов» айналма каналына механикалық тазалау жұмыстары қазірден жүргізіліп жатыр. Айналма канал арқылы 14 мыңға жуық шабындық жер ағын сумен қамтамасыз етіледі деген болжам бар. Сондайақ 2026 жылға арналған жоспар бойынша сүт өнімдерін өндіретін «Қайсар групп» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, 12 ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар шұбат өнімін өндіру мақсатында 2026 жылы «Верблюд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашу жоспарланып отыр.

Аудандағы өнеркәсіп өндірісі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 103,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,1 миллиард теңгеге артқан. Нақты көлем индексі 98,7 пайызды құрайды (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 74,5 миллиард теңге болған болса, нақты көлем индексі 98,6 пайыз болған). Көрсеткіштің орындалмауына «Алтыналмас АК» АҚ-ның аудан аумағында орналасқан Ақбақай филиалының кен өндіру аймақтарындағы кендегі алтынның құрамы төмен болуы себеп дейді мамандар. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда алтын өнімі 1284 килограмды құрап, 41 килограмға аз өндірілген (2024 жылы өндірілген алтын 1325 килограмм болған болатын).

Бұдан бөлек, «Мынарал Тас Компани» ЖШС-і цемент өніміне сұраныстың азаюына байланысты әктас пен әктас тақтатасын өндіру көлемін азайтқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 9,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 миллиард теңгеге кеміген.

Нақты көлем индексі 57,7 пайызды құрайды (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 15,1 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 85 пайыз болатын). Мерзімді кезеңде жеке инвестиция көлемі 7,7 миллиард теңгені құраса, нақты көлем индексі 61-ді құрап отыр. Ал Бөлшек сауда айналымының көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 4,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 миллиард теңгеге артқан, сәйкесінше нақты көлем индексі 134 пайызға орындалған (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 2,8 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 105,9 пайыз болған). Мерзімді кезеңде көтерме сауда айналымының көлемі 1 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 350 пайызға артық орындалып отыр (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 2,7 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 37,5 пайыз болған).

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерінің көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 3,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 423,7 миллион теңгеге артық орындалған. Нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрайды (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 3,5 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 98,9 пайыз болған). Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің ішінде мал шаруашылығының көлемі 3,6 миллиард теңгені құраса, нақты көлем индексі 101,9 пайызды құрайды. Ал егін шаруашылығының көлемі 353,7 миллион теңгені құраса, нақты көлем индексі 103,6 пайызды құрайды.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 2954 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 шаршы метрге артық орындалған. Нақты көлем индексі 106,6 пайызды құрайды (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 2771 миллион теңге болса, нақты көлем индексі 105,9 пайыз болған). Құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 4,9 миллирад теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,1 миллиард теңгеге кем орындалған.

Нақты көлем индексі 22 пайызды құрайды (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 22,1 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 185,4 пайыз болған). Мамандардың дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 50 пайызға жетеді деп күтілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 2023 жылы 194,6 пайызға, 2024 жылы 210 пайызға орындалып келген.

Құрылыс көлемінің артуына «КазАвтоЖол» АҚ-ның Мойынқұм ауданынан өтетін республикалық жол құрылысын салып, үлкен септігін тигізген. Аудан бойынша биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 103 550,1 миллион теңгені құраса, нақты көлем индексі 98,7 пайызды құрайды (өткен жылдың мерзімді кезеңіндегі көрсеткіш 74 476,3 миллион теңге болса, нақты көлем индексі 98,6 пайыз болған).

Межеленген көлемнің орындалмау себебін мамандар төмендегіше мәліметпен түсіндіреді: біріншіден, «Мыңарал Тас Компании» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 54,9 мың тонна әктас кем өндірген. Бұған ауа райының қолайсыздығы, негізгі технологиялық жабдықтарға жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, тұтынушылар тарапынан сұраныстың аздығы әсер еткен. Екіншіден, «Qazaq Mining Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мерзімді кезеңде өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 712,4 мың тонна қаптау плитасын кем өндірген.

Бұған түскен сұраныстарды толық игеруге гранит өңдеу зауытының маусымдық қызметінің мардымсыздығы, электрқуатының жыл сайын қымбаттауы және жұмыс күшінің жетіспеушілігі кедергі болған. Үшіншіден, «Құлан көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мерзімді кезеңде өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 33,8 мың тонна көмірді кем өндірген.

Бұған кәсіпорын лагистикалық темір жол тораптарының қымбаттауына байланысты көмір бағасының және бәсекелестіктің артуы әсер еткен. Төртіншіден, «Компания МыңАрал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мерзімді кезеңде өткен жылмен салыстырғанда 42,8 мың тонна балық кем өндірген.

Бұған кәсіпорында жауапты мамандардың тапшылығына байланысты керекті ақпаратқа қолжеткізілмегендігі әсер еткен. Шағын және орта бизнес субъектілері туралы қолдағы бар дерегімізге сүйенсек, 2025 жылдың 1 қыркүйектегі ресми статистикалық мәліметке сәйкес аудан бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2269 бірлікті құрайды (2024 жылдың тиісті мерзімінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2264 бірлікті құраған болатын).

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде аудан аумағында жоспарға сәйкес 24 жоба қарастырылған болатын. Осыған байланысты аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық ауылдық округ әкімдеріне жолданылған.

Жыл басынан бастап жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтардың құжаттары жинақталып, 24 құжат «Тараз «әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» облыс бойынша филиалына тапсырылған, нәтижесінде 9 азамат жалпы соммасы 62 миллион теңгеге қаржыландырылған. 11 азаматтың құжаты нақты уақытта арнайы тексерістен өтуде, ал 4 азаматтың өтініші қанағаттандырылған. Қазіргі таңда қосымша 3 азаматтың құжаты жинақталуда. Сонымен қатар мамандандырылған кооператив ашу бойынша 1 азаматтың (Батырхан Тайбағаров, «Қайсар – B GROUP» – сүт өңдеу цехы) құжаты жалпы соммасы 30 миллион теңгеге несие алу үшін «Тараз «әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» облыс бойынша филиалына өткізіліпті.

Алайда тексеру барысында кәсіпкердің кепілге қойған жылжымайтын мүлкін 25 миллион теңгеге бағалауына байланысты қазіргі таңда 19 миллион теңгелік несие рәсімдеуге жұмыс жасалып, қажетті құжаттар жинастырылуда дейді мамандар. Қорыта айтқанда, Мойынқұм ауданы да облысымыздағы өзге аудандар сияқты еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан өңірдің бірі. Аймақтың қарыштап дамуы жолында әлі де талай бастамалардың қолға алынары анық.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Мойынқұм ауданы