Колледж командасы республикалық байқауға қатысады
Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің базасында «Aуыл» партиясы облыстық филиалы «Acapedia» компаниясымен бірлесіп, жоғары және арнаулы орта білім беру мекемелерінің студенттері мен мектеп оқушылары арасында «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» тақырыбында интеллектуалды агрохакатон байқауын ұйымдастырды.
Аталған іс-шара жастардың тұрақты дамуы, жасанды интеллект және автоматтандыру мәселелеріне қатысты ұтымды идеяларының алаңына айналды. Интеллектуалды марафон мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерін біріктіріп, олар технология, ғылым және экология тоғысындағы өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды. Қатысушылар заманауи қаланың нақты мәселелерін шешу арқылы креативтілік, аналитикалық ойлау және білімді тәжірибеде қолдану қабілеттерін көрсетіп, түрлі тәсілдерін ұсына білді.
Айта кетерлігі, облыста бұл жарысқа қатысуға ниет білдірген Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті, Менделеев университетінен және Тараз инновациялық көпсалалы колледжінен, жалпы саны 19 команда тіркеліп, іріктеуден өтіп, облыстық Хакатонға 9 команда қатысты. Сөйтіп, облыстық байқауда Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттерінен жасақталған «JARYQ» командасы жүлделі 1 орынды иеленіп, республикалық Хакатон байқауына жолдама алды.
Ерман ӘБДИЕВ