Қоғам

Өрт қауіпсіздігі - белсенділер назарында

Соңғы кездері облыс орталығындағы жеке тұрғын үй секторында және аулаларда техногендік өрт шығу дерегі жиі орын алып отыр. Осыған орай Қазақстан Халық партиясының белсенділері 9-10 қазан күндері тұрғындар арасында ақпараттық-танымдық шара өткізген болатын. 11 қоғамдық тамақтану орны мен жеке тұрғын үй секторының отыз ауласын аралап, өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша 349 жадынама таратқан партия белсенділері дөңгелек үстел басында осы мәселені талқылады.

Партияның «Халық үні» жобасы аясында «Өрт қауіпсіздігі: өңірлік мониторинг және Қазақстан Халық партиясының алдын алу шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстелге партия белсенділерімен қатар Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Жаныбек Исаев және облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өкілдері қатысты. Жиында мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Құрмет Имаш аймақтағы өрт оқиғаларына қатысты мәселелерді алға тартты.

Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 1 ақпанда №11 қаулысы негізінде мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілді.

Бұл табиғи өрттерді алдын алу және оларға жедел әрекет ету мәселелері облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында қаралды. Облыс аумағында жыл басынан бері 47 орман өрті тіркелді, ондағы материалдық шығын 12 миллион 47 мың теңгені құрады, осыған орай ағымдағы жылы облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 8 өрт-техникалық жаттығу өткізілді, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша «Шекара - 2025» арнайы тактикалық жаттығу да ұйымдастырылды.

Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдардың 1074 километрінде, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдардың 712 километрінде және 840 километр темір жолдың 104 километріндегі орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жырту жұмысы 30 мамырда толық аяқталды. «Автокөлік жолдарды ұстау, ағымды және күрделі жөндеу кезінде жүргізілетін жұмыстар түрлерінің классификациясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі №532 бұйрығына сәйкес, автокөлік жолдарда өртке қарсы жырту тек қана екпе ағаштары бойында жүргізіледі. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерімен құрамында 82 адамы бар 16 мобильді топ құрылды, олармен орман алқаптарында 904 рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзу деректері бойынша 447 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 282 тұлғаға жалпы сомасы 3 миллион 795 мың теңге айыппұл салынды және 165 тұлға ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Баршаға белгілі, жылыту маусымы 2025 жылдың 15 қазанынан 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Жылыту маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері 29 тамыз – 26 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізді.

Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында, бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 3222 тұрғын үйді аралап, көппәтерлі, каркасқамысты, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне басты назар аударылуда. Барлығы 6632 тұрғынмен әңгімелесіп, QR-код арқылы жадынамалар таратылды.

Жылу беру маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 6632 азаматқа нұсқаулық берілді, жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3055 адамды қамтыған 186 жиын ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстық «Қазақстан-Тараз» және «77 ТВ» телеарналарында департамент қызметкерлерімен 5 рет сұхбат ұйымдастырды. Айта кетерлігі, облыс аумағында 881 тұрғын үй өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған.

Анықталған кемшілік 1752, оның ішінде автономды жылыту жүйелерімен байланысты 604, электр желілері және электр қондырғыларымен байланысты 978 және басқа да 170 кемшілік байқалды. Биылғы жылы 1 маусымнан бастап әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлерінде 84 есептегіш орнатылды. Оның ішінде, улы газды анықтайтыны – 61 дана, табиғи газды анықтайтыны – 23 дана. Қалай дегенде де, биылғы жылыту маусымы қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан улы және табиғи газды анықтау қондырғыларын сатып алу жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде.

Сондай-ақ басқарманың жетекші маманы Ербол Несіпбай өрттің алдын алу бойынша жекелеген мекемелердің жауапты жұмыстарына қатысты тетіктерді түсіндіріп өтті. Мысалы, кез келген жаңа нысанды мемлекеттік қабылдап алу кезінде комиссия құрамында мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өкілдері болуы керек.

Алайда, 2016 жылдан бері бұл мекеменің қатысуы алынып тасталған. Ал маманның айтуынша 2026 жылы басқарма мамандары комиссия құрамына енгізілетін болыпты. Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Жаныбек Исаевтың «Тараз қаласындағы гидранттардың бүгінгі жағдайы қандай?» деген сауалына, мамандар гидранттардың 85 пайызы жарамды екендігін алға тартты. Басқосуда партия белсенділері, квартком төрағалары мен «Қоғамдық көмекші» облыстық қоғамдық ұйымның өкілдері бүгінгі күні облыс орталығындағы жеке секторларда орналасқан техникалық қызмет көрсету орталықтары, түрлі-түсті металл сынықтарын қабылдайтын орындарда көлік доңғалақтарын өртеу жиі орын алатындығын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған партияның аймақтық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Рахман Аққозиев көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатындығын жеткізді.

 

Ерман ӘБДИЕВ