Аймақ

Шалғайдағы шаруаға да ЖИ-ді енгізу керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы мағынасы да, мазмұны да терең құжат болып тұр. Өйткені түбегейлі заманауи өзгерістерге құлаш ұрған мемлекеттің болашағы – цифрлы мемлекетке айналу.

Әр дәуір, әр заманда әлемдегі мемлекеттердің даму стратегиясында ішкі әлеуметтік-экономикалық үрдісінде тың жаңалықтар көш бастап тұрады. Сан ғасырлар көшінде, жылдар тоғысындағы ұтымды тенденция, ол – жаңашылдық, жаңа технологиялардың өмір салтымызға енуі. Бүгінде интернет ғасырының технологиялық мүмкіндіктері, ақпараттық қолжетімділігі біз үшін біраз саланың дамуына жол ашып отыр.

Президент «Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі, бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде», – деген болатын. Яғни, біздің өмір сүру салтымызда, күнделікті күйбең тірлікте жаңаша көзқарас қалыптастырып, жаңа дәстүрді енгізу әрқайсымызға жүктелген міндет және барынша жедел түрде абыройлы әрекет ету мұраты тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» дегені жоғарыдағы қағидалармен мазмұндас, мұраттас. Жасанды интеллекті ел экономикасын дамытып, әлеуетін көтеруде барлық салаға тиімді технология. Оны игеріп, әр саланың даму тетіктеріне тиімді қоса білсек, ұтылмаймыз. Қайта ұтарымыз көп болады. Бірақ әрбір істің сапалылығы мен мағыналылығын ұмытпағанымыз тағы абзал. Әрекеттердің жеңісі, жетістіктердің жемісі сонда болады.

Білім мен біліктілік ұштасса – алынбас асу болмас, тәжірибе мен теория ұштасса – бұзылмас қамал жоқ. Сондықтан білікті мамандардың білімін, ғылыми негізге сүйенген еңбектерін ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында тың бастамалармен бастауға еш қорықпастан бел шеше кіріссек, заман көшінен кеш қалмаймыз. Өзім ауыл шаруашылығы саласын жақсы білгендіктен, Президенттің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру үшін салаға тың серпін беріп, қолдау білдіргенін қолдаймын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жобалар жасалып жатқандығын да тілге тиек етті.

Біздің облыс табиғаты мен фаунасы жағынан агросалаға өте тиімді аймақ. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы болсын, өз тірлігінің көшін алға сүйреймін деген шаруаға мүмкіндік зор. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен шаруалар өз еңбектерімен қолдау тетіктерін игере білсе, көзін тауып үйлестірсе, мол табысқа кенеледі. Үкіметтің стратегиялық міндеті – барынша қолдау. Жолдауда айтылғандай, әр өңірде дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін облыстың ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптаспайынша, тиімділік кеми береді.

Мұнда ортақ мүдде үшін, ортақ пікір алаңының шешімі маңызды. Ұсыныс пен пікір, әрине, жаз – ыстықта, қыс – суықта еңбек етіп жүрген, әсіресе шалғайдағы шаруалардың тіршілігін зерделеуден бастаған ұтымдырақ болмақ. Әрине, әр шаруа еңбегінің жемісін көргісі келеді. Тынымсыз еңбектің өтеуі де жоғары болғаны дұрыс. Біржақты қараудан да мүлдем арылуымыз керек.

Тірлігінің тетігін тауып, ісінің берекесін көріп отырған еңбеккерлердің жаңа технологиялардың өндіріске енуін әлауқатының артуының белесі санайды. Жаңашылдық – жақсы істің бастауы екенін де біледі.

 

Бегалы ЕРАЛИЕВ

облыстық мәслихаттың депутаты.