Автобус паркі 24 көлікпен толықты
Тараз қаласына сыйымдылығы 90 орындық 24 жаңа автобус жеткізілді.
Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, сатып алынған автобуст ардың 14-і №50 бағытта қызмет көрсетеді. Бұл бағыт Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылынан басталып, «АуылБереке» базары, Төле би, Жамбыл даңғылдары, Сүлейменов, Тұрысов, Шостакович және Б. Момышұлы көшелерін қамтиды. Автобустардың қозғалыс жиілігі – 13 минут. Ал қалған 10 автобус №3 бағытта жүреді. Бұл бағыт Шайқорық, Танты алқаптарынан басталып, «Ұлы дала» шағынауданы, Сүлейменов, Желтоқсан, Төле би, Б.Момышұлы, Шостакович, Саңырақ батыр көшелерін қамти отырып, «Арай», «Арай2» шағынаудандары мен «Бәйтерек» шағын ауданындағы қалалық және облыстық балалар ауруханасына дейін қатынайды.
Бұл бағытта автобустар әр 12 минут сайын жүреді. Қазіргі таңда қалалық жолаушылар тасымалына 8 мекеме қызмет көрсетіп отыр. Қосымша бағыттар ашу нәтижесінде маршруттар саны 43- тен 45-ке дейін артты. Қаладағы жылжымалы құрам саны 492 автобусқа жетті. 2024 жылы жеткізілген 155 жаңа автобустың арқасында жаңадан 3 бағыт (№13, 18, 41) ашылды. Сонымен қатар 10 бағыттың (№16, 28, 33, 34, 40, 44, 46, 54, 55, 61) автобустары толық, 4 бағыттың (№12, 23, 27, 29) автобустары ішінара жаңартылды. 2023-2025 жылдар аралығында жаңадан 13 жолаушы бағыты ашылды. Оның ішінде 2025 жылы – №37, 62, 31, 50 бағыттары іске қосылды. Нәтижесінде жалпы бағыттар саны 45-ке жетті.
Биыл ашылған жаңа бағыттар Байзақ және Жамбыл аудандарынан қалаға қосылған елді мекендерге қатынайды. Жыл басынан бері 47 автобус жеткізілсе, бүгін жеткізілген 24 автобуспен бірге бұл көрсеткіш 71 бірлікке жетіп отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.