Қоғам

«Пранк» ойыннан шығатын өрт емес пе?

Жасанды интеллектінің дамыған заманында әлеуметтік желіні ашып парақтау біз үшін күнделікті әдетке айналған. Ол пайдалы ма, жоқ па аңғарып жатқан ешкім жоқ. Десе де сол желіде кейде адам ойына сыймайтын бейне жазбаларды көзіміз шалып қалады. Соның бірі адамды алдау арқылы күлдіретін – пранк. Бірақ кейбір пранктар күлдіремін деп «бүлдіріп» жатады.

Оны көрген адам кейде өзін жайсыз сезініп, алданған адамға аяушылық көзбен қарайтын кездері де бар. Бұл ұғым ағылшындардың «prank» сөзінен шыққан. Ол сөз қулық, алдау, әзіл деген мағынаны білдіреді. Деректерге сүйенсек, ең бастапқы кезде пранкерлер тек телефон қоңыраулары арқылы алдайтын болған. Анонимді түрде адамға қоңырау шалып, онымен сөйлесу арқылы алдау немесе күлдіру – пранкердің басты мақсаты.

Бұл әзілдің арбауына түскен жанның қатары да аз емес. Әрбір пранкер өз тапқырлығы мен идеясы арқылы түрліше алдайды. Бірде әлеуметтік желіні парақтап отырсам, материалдық жағдайы төмен, бастарында баспанасы жоқ, жалдамалы пәтерде тұратын көпбалалы отбасына тосынсый жасау үшін пәтер иесі үйіне барады. Кірген бетте, балалардың көзінше анасына айқайлап, «Пәтерақысын қашан төлейсіңдер? Әйтеуір сендер-ақ ақша жоқ дегеннен басқаны айтпайды екенсіңдер. Бүгін пәтерақысын төлеңдер немесе үйді босатыңдар!» деп айқайға басады. Үй иесінен сөз естіген ана әлбетте көзіне жас алып, «айлығым айдың аяғында түседі» деп біраз абыржып сасқалақтап қалады. Бір бұрышта екі жасар немересін көтеріп тұрған енесі есінен танып құлайды.

Осы сәтте, үй иесі «бұл жай пранк!» деп қайтадан жын ұрғандай күле қалады. «Сіздерге қуанышты жаңалығымыз бар. Енді сіздердің өз үйлеріңіз болады. Кәсіпкерлердің қолдауымен төрт бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартамыз!» деп кілтті көпбалалы анаға табыстайды. Әрине, қуанарлық жайт. Дегенмен, мұндай көріністі көріп отырған мен не күлерімді, не жыларымды білмедім. Бұл жағымды жаңалық болып көрінгенімен, мазақтап тұрғандай әсер береді екен.

Талып құлаған әжеге бірдеңе болса ше?! Әр істің неге әкеп соқтырарын, өзгенің жағдайын ойлауды қойдық. Әйтеуір, шетелге еліктейміз деп желігіп кеткеніміз көңілге қаяу салады.

Ойыннан өрт шығатынын жадымызда ұстаған жөн. Сол себепті әр істі мың ойланып, ой елегінен өткізу керек. Еліктейміз деп жүріп, ерсі істерге жол бермеген жөн.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ