Тек таза табыспен жұмыс істейді
Елімізде, оның ішінде облысымызда рентабельді жұмыс істейтін агроқұрылымдар көп емес. Солардың бірі және бірегейі – Меркі ауданындағы егін және мал өсірумен шұғылданатын «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік соңғы 14 жылдан бері өнім өткеруден тұрақты таза табыс табуды игі дәстүрге айналдырған. Шаруашылықтың егін және мал өсірудегі тәжірибесі бірнеше рет облыс және республикаға таратылды. Агроқұрылым өткен жылдың қорытындысында 400 миллион теңгенің өнімін өндіріп, оны өткеруден 100 миллион теңгеден астам таза табыс тапты.
Серіктестік өкілдері көктем және жаздағы қатаң қуаңшылыққа қарамастан «биыл да бұл межеден төмендемейміз» деп отыр. Агроқұрылымды осындай дәрежеге оның бұрынғы басшысы, ауыл шаруашылығы саласының білгір де білікті маманы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қанат Шайхиев жеткізді. Қанат Кеналыұлы үстіміздегі жылы жазда кенеттен қайтыс болды.
Халқымыз: «Орнында бар оңалар» дейді. Оның орнына осыған дейін қаржы саласында ұзақ жылдар қызмет істеген үлкен ұлы Нұрбол Шайхиев тағайындалды. «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, Нұрбол Қанатұлы бір айдан кейін аграршылардың айлық жалақысын 20 пайызға өсірді. Қазір мұнда орташа айлық жалақы 300 мың теңге. Жыл соңында олар ортақ жетістікке қосқан үлесі, сіңірген еңбегіне қарай 13-ші жалақы алады. Мұның өзі шаруаларды жаңа жетістіктерге жігерлендіруде.
Бүгінде шаруашылықта 50 адам жұмыс істейді. Олардың дені – Сұрат ауылының тұрғындары. Меркі ауданының Сұрат ауылдық округі аумағында орналасқан «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарамағында 2,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар. Оның 500 гектары суармалы. Олар биылғы қуаңшылыққа қарамастан бидай алқабының әр гектарынан – 25, арпадан 15 центнерден дән жинаған. 200 гектар жоңышқалықтан 20 мың түк мал азығы алынған. Қант қызылшасы 150 гектар алқапқа орналастырылған.
Сыпатайлықтар соңғы жылдары балтамырдың әр гектарынан 100 тоннаға дейін тәтті түбір жинап жүр еді. Өкінішке қарай, жаздың аптап ыстығы кезінде тамшылатып суарылғанына қарамастан су тапшылығынан бірқатар егістіктер 2-3 мәрте ғана ылғалдандырылған. Ал өсімдік кем дегенде 6-7 рет судан өту керек болатын.
Агроқұрылымның тасы өрге домалап келе жатқанын көрген Меркі ауданының бұрынғы әкімі Мейірхан Өмірбеков оның басшысына 10 жыл бұрын тұқым шаруашылығын құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Олар оны қабыл алып, Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылымизерттеу институтымен келісімшарт жасасып, элиталы тұқым өсіруді қолға алды. Күздік бидайдың бұрын сеуіп жүрген сұрыптарын қолданыстан алып тастап, институттан әкелінген, қуаңшылыққа төзімді, өнгіштігі жоғары «Стекловидная – 24» элиталы тұқымын септі.
Бұған қоса арпаның да бірнеше жаңа сұрыптарын сатып әкеліп, сеуіп, үш жыл сынақтан өткізді. Сынақтан талапқа сай өткен ол супер элиталы тұқымға айналды. Тәлімі жерде өсірілетін осы сұрыптардан жаңбырлы жылдары гектарына 50-60 центнерден түсім алынуда. Бұрын күздік бидайдың қамырлылығы 24-25 пайыздан аспаса, жеті жылдан бері 27 пайызға жетті. Мұның өзі, жаңа өнім еліміздің солтүстік облыстарында өсірілетін бидайдың қамырлылығымен теңесті деген сөз. Қазір мұнда «Стекловидная – 24», сондай-ақ институттан әкелінген арпа-бидайдың «Алатау», «Арна», «Айдын», «Береке» және Франциядан әкелінген «Евклид» суперэлиталы сұрыптары өсірілуде. Облыста күзде күздік арпа өсіруді алғаш қолға алған да осы агроқұрылым болатын.
Мұның артықшылығы көп. Ол – жаздық арпаға қарағанда ерте піседі және мол өнім береді. Сыпатайлықтар биыл облыс шаруа қожалықтарына 500 тонна тұқымдық бидай өткермек. Оның 120 тоннасы суперэлиталы, қалғаны бірінші репродукциялы дән. Сондайақ суперэлиталы 50 тонна тұқымдық арпа өткеру көзделуде. Қазір нарықта бір тонна бидайдың бағасы 120 мың, ал элиталы тұқым 180 мың теңгеден өткеріледі. Астық өсірушілерге серіктестіктен осындай тұқым алғаны үшін мемлекет субсидия төлейді.
Ақан ЖОЙҚЫНБЕК
журналист
Суретте: Н.Шайхиев қызылша алқабында.
Меркі ауданы