Қарттарға құрмет – ұрпақ парызы
«Ауыл» партиясы облыстық филиалының өкілдері қарттар күнін ерекше форматта өткізді. Ардагерлерге құрмет көрсетуді мақсат еткен белсенділер дәстүрлі мерекені тың мазмұнмен байытып, қарияларға сый-сияпат ұсынып қана қоймай, заманауи технологиямен таныстыруды да қолға алды.
«Жасанды интеллект жас талғамайды» тақырыбымен өткен басқосуда ардагерлер «ChatGPT» жасанды интеллектін қолдануды үйренді. Қариялар жаңа құралды пайдалану арқылы түрлі сұрақтарға жауап алып, оның тұрмыстағы, білім мен ақпарат алудағы пайдасын түсінді. Кейбірі бұл жаңалықты немерелерінің оқуына көмекші болатын құрал деп қабылдаса, енді біреулері тұрмыстық кеңесші ретінде тиімді екенін айтты.
Шараға Жуалы, Сарысу, Байзақ және Меркі аудандарынан келген 20 ардагер қатысты. Шара барысында ардагерлердің кеудесіне «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған мерекелік медаль тағылды. Сондай-ақ партия әзірлеген «Баталар жинағы» кітабы естелік сыйлық ретінде тарту етілді. Жиын соңында ардагерлер ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, бата берді.
«Ауыл» партиясының өкілдері мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын, басты мақсат – ардагерлерді қоғамнан шеттетпей, белсенді әрі заманауи ортаға бейімдеу екенін атап өтті.
Ерман ӘБДИЕВ