Әйелдердің ғылымдағы әлеуеті артып келеді
Таразда алғаш рет Amanat партиясының облыстық Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен мектептердегі магистр-мұғалімдер мен ғылыми жобамен айналысатын мұғалімдер, жоғары оқу орындарының ғалымдары бір алаңға жиналды. 350-ден астам нәзік жандар бас қосқан бұл жиын ғылымдағы әріптестікті күшейтуге бағытталған болатын.
Ғылыми дискуссиялық семинарды «Ғылымдағы әйелдер» бағытының жетекшісі, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің Комплаенсқызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Орынқыз Жолдасова жүргізіп отырды. Семинар жұмысын өңірлік Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімова ашып, ғылымдағы әйелдерді қолдау және олардың әлеуетін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Іс-шара мектеп пен жоғары оқу орындарының арасындағы ғылыми әріптестіктің жеткіліксіз екенін көрсетті. Бұл – жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселе. Семинар барысында оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттыру, бірлескен зерттеу жобаларын іске қосу, STEM және цифрлық технологияларды енгізу бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Ерман ӘБДИЕВ.