Аймақ

Ауыл мектебінде қалай сапалы білім береміз?

Жаратылыстану-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ауыл мектептерінде сапалы оқытудың тиімді тәсілдерін тоғыстырған форум өтті. Онда жаңа мүмкіндіктер шеңберінде сапалы оқыту мен кәсіби ынтымақтастықты құрудың тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасу көзделді.

Форумның ашылуында жаратылыстануматематикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсұтова осы білім ошағының озық тәжірибесін ауыл мектептеріне енгізу мүмкіндіктерімен бөлісті. Алқа отырысында үздік жұмыс көрсеткен мектеп басшылары тәжірибелерін ортаға салды.

Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясы тірек мектебінің директоры Әсел Қуатова «Басқарушылық шешімдер қабылдау үшін деректерді талдау – мектепішілік бақылаудың тиімді тетігі» тақырыбында баяндама жасады. Тірек мектеп жағдайында оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту тетіктерін Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің директоры Руслан Сайлаубаев мәлімдеді. Құндылықтарға негізделген мектепішілік шығармашылық ортаның оқушының тұлғалық дамуына ықпалы жөнінде Жамбыл ауданындағы №1 тірек мектеп-гимназиясының директоры Ақерке Тлебалдиева сөз етті.

Алқа отырысынан соң форумға қатысушылар «Басқару және бақылау», «Сауаттылық және сапа», Құндылықтар және шығармашылық» тақырыптарын көтерген шеберлік сыныптарына қатысты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА