Теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу қашан бітеді?
Тамыз айының басында облыс орталығындағы ірі қақпалардың бірі – Тараз теміржол вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ә, дегеннен қауырт басталған бұл жұмыс жолаушылар үшін қолайсыздық тудырғаны белгілі. Сапарға шыққандар мен күтіп алушылар вокзалға қай жағынан кіріп-шығатынын білмей, тіпті перронға өтетін жолды таппай дал болды. Қала берді билет алушылар үшін кассалар қатары қай бетке ауысқаны да белгісіз еді. Қазір жағдай бір қалыпқа түскен сыңайлы. Дегенмен...
Тараз вокзалының ғимараты 2019 жылы күрделі жөндеу жұмысын көрген болатын. Тіпті, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткен 2015 жылы да жөнделді. Сондықтан жолаушылар вокзалдың қайта күрделі жөндеуден өтіп жатқанына таңданыс білдіріп отырғаны рас. Иә, күз айы өтер, алдағы қыс айларында жағдай қалай болады? Өйткені қыс айларында, әсіресе Күйік асуы жабылғанда жолаушылар Боранды станциясына жеткізіліп, одан Тараз вокзалына келетін. Тәулігіне 100-150 жолаушы жеткізілетін осы жерден оларды діттеген жеріне жеткізу үшін жолаушылар пойызына қосымша вагондар тіркеліп, жөнелтіледі. Бұл жыл сайын қыс мезгілінде орын алып жататын жағдай.
Біз осылай топшылағанымызбен, жағдай мүлдем басқаша екен. Неге десеңіз, Қазақстанда осындай 113 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жамбыл өңіріндегі үш ірі вокзал – бірінші санаттағы Тараз, Шу және үшінші санаттағы Луговой вокзалдары жөнделуде. Тіпті, Луговой вокзалының ғимараты сүріліп тасталған. Осы мәселенің мән-жайын білмекке, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы «Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы – Жамбыл жол бөлімше сіне қайырылғанымызда вокзал шаруашылығына жауапты Жамбыл магистральді желі бөлімшесі Тараз вокзалының бастығы Дидар Мүсіретәлиевке жөн сілтеді.
Сауалымызға жауап бермес бұрын вокзал бастығы бізге мына хатты көрсетті. Ал хат мәтінінде: «Жамбыл облысының әкімдігі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен өткен 2024 жылғы 13 маусымдағы Туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңес хаттамасының 2.15.7-тармағын орындау бойынша келесі ақпаратты жолдайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 12 қаңтардағы №231- ДСП қаулысына сәйкес, Тараз қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар вокзал аумағында абаттандыру шаралары қолға алынып, көгалдандыру, жарықтандыру жүйесін жаңғырту, жолаушыларға арналған демалыс орындықтары мен жаяу жүргіншілер жолдарын орнату көзделуде» делінген.
Тараз вокзалында күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер – «СпецСтрой Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс алаңында да болдық. Жалпы, теміржолшылар қозғалыс қауіпсіздігін еңсеруде жылына екі рет – көктемгі және күзгі комиссиялық байқау өткізіп тұрады. Ал жақында ғана аяқталған күзгі комиссиялық байқауда ешқандай ескертпелер болмады дейді вокзал бастығы. Дегенмен вокзал ғимараты стратегиялық нысан болып саналатынын ескерсек, мұнда терроризмнің алдын алу, жолаушылардың қауіпсіздігі бойынша сақтық шаралары өте жоғары болу керек.
Тағы бір ескерер жай, Луговой вокзалы тарихи нысандар санатына жататын ғимарат. Ал белгілі заңнамаларға сүйенсек, елімізде мәдени-т арихи маңыздылығы бар нысандар бұзуға жатпайды. Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру дирекциясының» басшысы Сауран Қалиұлының айтуынша, Луговой вокзалы 1927 жылы іргетасын қалаған екен.
Ерман ӘБДИЕВ