Жайлаутөбе қонысынан ерте ғасырларға тән жәдігерлер табылды
Әулиеата өлкесі тарихқа өте бай. Солардың бірі – Байзақ ауданы, Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылының батысына қарай екі шақырым жердегі Жайлаутөбе қонысы (қалашығы). Аталған қоныс Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкерлері Қуаныш Арынов және Руслан Боранбаевтың ізденісімен қазылып, зерделеніп жатыр. Мұнда алғашқы қазу жұмыстары 2023 жылы басталған.
Былтыр қазылған шеткі бөліктен күл, қоқыстар шыққан. Жайлаутөбе қалашығының біздің дәуіріміздегі ІІ ғасырға тән қоныс екені анықталыпты. Қоныстан табылған жәдігерлер 19 ғасыр бұрын қолданыста болған бұйымдар. Биыл мұндағы қазу жұмыст ары ерекше қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бірнеше тастар, құмыралар мен дән үккіштер шыққан. Тіпті су құюға арналған бір ыдыс 98 пайыз өз қалпын сақтағаны БАҚ өкілдерін ерекше қызықтырды.
Қазу жұмыстарына жұмысшы – мамандары іріктеліп алынады. Кім болса соны ала салмайды. Аз уақыт археологтар оларға бағыт-бағдар берген. Әрі қарай өздері жалғастырып алып кетіпті.
Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алынған деректер өңір тарихының жаңа қырларын ашуға, Жайлаутөбе қалашығын тарихи-мәдени туризм нысандарының қатарына енгізуге жол ашпақ. Жұмыстың одан әрі қалай өрбитіні Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ұсынысымен бірқатар шет мемлекеттерде жасалып жатқан зерттеу қорытындыларынан соң нақты белгілі болады. Осы орайда облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру » дирекциясының белсенді жұмысын да атап өткеніміз абзал.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы