Ақындық ақиқаты қандай?
Ел арасында Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы Сталиннің қабылдауында болған деген неше түрлі әңгімелер тарап кеткен. Олардың ішінде мынадай аңыз бар: «Момышұлы кіріп амандасқанда, Сталин «Қазақтардың ұлы дегені әзірбайжандардың оглысы сияқты ма?» деп сұрапты. Бауыржан «Иә» деп жауап береді. Сталин «Жарайды, бара беріңіз» дейді. Осы әңгімені естігенде, Сталин еріккен екен деп күліп едім. Басқа шаруасы қалмағандай, сонау қан майданнан Бауыржанды суырып алып, бар болғаны қазақтың «ұлы» дегені әзірбайжанның «оглысы» дегеннің синонимі екенін білгісі келген.
Келесі бір аңызда Сталин үлкен жиналыс өткізіп жатып, «Полковник Момышев!», – дейді. Жауап жоқ. Сталин тағы екі-үш рет «Полковник Момышев!» деп қайталайды. Сонда Баукең тұрып, «Здесь нет полковника Момышева. Я полковник Момышулы!» деп жауап қайтарады. Сталин қасында отырған Калининге «Я дурак, но он дурнее меня» деген өтірікті де естиміз. Баукеңнің архивін ақтара отырып, асалық жазушы Жорабек Мәмбетәлиевке берген сұхбатын таптым. Жорабек аға да осы сұрақты қойыпты.
Баукеңнің жауабы: «Сталиннің ставкасына үш рет шақырылдым майданнан. Үшеуінде де, почему-то, приемныйда Василевский отырады. Үш ретте де «прием болмайды» деп қайтарып жіберді...»
Жорабек Мәмбеталиев: Бауке, ел ішінде: «Ойбай, не дейсің, Баукең Сталинге «нағыз ұлтшыл сенсің – «князек» деп масқаралапты деп гулейді ғой.
Бауыржан Момышұлы: һы, «князек!»... Бұлай деп оған айтқан Сұлтан Қожанов болатын кезінде... Е-е... Мен туралы бір вагон мақтау жүрсе, соңына бір эшелон өсек тіркеледі, қарағым. Ойланшы өзің, соншама ұлан асыр дүниені дүр сілкіндірген қырғын соғыс жүріп жатқанда полк, құрама, дивизия басқарған мен сияқты подполковник, полковник тұрмақ, генералдармен мылжыңдасып отыруға Сталин уақытты қайдан табады?! ...
Сталинді тірі кезінде бір-ақ рет көрдім. Ол 1945 жылғы жеңіс парадынан кейін Кремльдің Георгиев залында қабылдауда болған. Ұзыннанұзақ түзілген дастарқанды үстелдің екі жағында өкімет басшылары, араларында маршалдар мен генералдар жиналған. Қақшиып тұрмыз. Бір уақытта СССР-дің Гимні ойнап, төрдегі есіктен Сталин мен Жуков кірді.
Шампандар атылып, бокалдар толтырылды. Сталин:
– Барлығыңызды Ұлы Жеңістеріңізбен құттықтаймын, жолдастар! – деп саңқ етті де, столдың оң қапталындағы кісілермен бокал соғыстырып жүріп келеді. Алдында Жуков. Ол менің желке тұсыма келіп тұрып:
– Легендарный комбат 28- ми панфиловцев, сражавшихся на Волоколамском шоссе зимой 1941 года, ныне командир гвардейской дивизии полковник Бауыржан Момышулы – сын Великого казахского народа! – дегенінде сарт-сұрт айналып честь бердім.
– Поздравляю с Великой Победой, полковник Бауырджан Момышев! – деп бокал түйістіргенде:
– Служу Советскому Союзу! Полковник Бауыржан Момышұлы! – деп түзетіп танауды жарса дағы шампанды қылғытып салдым. Олар басын ие күлімсірей өте берді. Сол кезде біз жақ қатардың бас жағына көз қиығымды салып едім, 11-ші болып тұр екенмін. Неше бір генерал, салалық маршалдар менен кейін көз ұшында. Ішімнен «Құдайға шүкір!» деп тәубе келтірдім... Міне, бар шындық осы!
Бекет МОМЫНҚҰЛ
ардагер журналист, Б.Момышұлының немере інісі