Батылдық пен мейірімділік сабағы
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» «Сардар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне Тараз қалалық әскери госпиталінің дәрігерлері ерекше және маңызды сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар әскери дәрігер мамандығымен танысып қана қоймай, алғашқы практикалық кеңес алды.
Госпиталь бастығының медициналық бөлім бойынша орынбасары, медицина қызметінің майоры Ернар Садықов, әскери емханасының бастығы, медицина қызметінің майоры Абдулла Сәуленбеков, сондай-ақ әскери психолог, аға лейтенант Бақтыкүл Әжіханова секілді мамандар әскери салада медициналық және психологиялық көмек көрсетудің қыр-сырын айтты.
Сабақта оқушылар үйреншікті дәптерлердің орнына шиналар, таңғыш сөмкелер мен қан тоқтатқыш құралдарды қолдарына алып, тамашалады, сосын соларды қолдана отырып жұмыс істеді. Теориялық дәрістердің орнына – байыпты мектептен өткен мамандардың жетекшілігімен адам өмірін құтқарудың дағдыларын үйренді. Офицерлер мектеп оқушыларына қан кетуді қалай дұрыс тоқтату керектігін, сплинт қоюды және жасанды тыныс алуды қалай жүзеге асыру қажеттігін түсіндірді. Жауынгердің өмірін сақтап қалуда, көрсетілер іс-әрекеттің жылдамдығы мен дұрыстығы маңызды рөл атқаратындығын ұғындырды.
Жігіттерді дәрістің шынымен қызықтырғандығы соншалық, олар шиналарды киюге, таңуға немесе қысымды өлшеуге машықтану үшін бірінен соң бірі кезекке тұруға таласты. «Сардар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерінің айтуынша, алынған тәжірибе көптеген оқушыларға мамандық таңдау туралы өз ойларын өзгертулеріне әсер етті. Кейбір оқушылар мектепті бітіргеннен кейін медициналық университетке түсуді немесе әскери дәрігер ретінде мансап таңдауды қарастыратындықтарын жоққа шығармады. «Бұл сабақ бізге үлкен әсер қалдырды!» деп екеуі бірден қосыла дауыстаған 12-сынып оқушылары Нұртас Шабденов пен Сапарбек Дінмұхамед өз эмоцияларымен қуана бөлісті.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ