Телепатология жүйесі іске қосылды
Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында заманауи телепатология жүйесі іске қосылды. Яғни, диагностика саласында жаңа кезең басталды деуге болады. Жоба аясында Қытайдың KFBIO компаниясы шығарған KF PRO 120 цифрлық сканері орнатылып, жаңа жүйе толықтай енгізілді. Жоғары технологиялы бұл аппарат тін үлгілерін, яғни микропрепараттарды микроскопиялық зерттеуге арналған цифрлық кескіндерге өте жоғары дәлдікпен және айқындықпен айналдырады.
Енді онкоорталықтың дәрігерлері ісік тіндерінің цифрлық бейнесін жылдам әрі ыңғайлы түрде зерттеп, өзара пікір алмаса алады. Нақты диагноз қою үшін қашықтан кеңес алуға жолдауға мүмкіндік туды. Жүйенің басты жаңалығы – Санкт-Петербургтегі Клиникалық морфологиялық диагностика жөніндегі ұлттық орталықпен тікелей байланыстың орнауы. Осы серіктестік арқылы күрделі жағдайлар бойынша сараптамалық қорытынды бар болғаны үш күн ішінде дайын болады.
Бұған дейін күрделі диагноз қою қажет болғанда, тін үлгілері Алматыға жіберіліп, нәтижені күтуге алты айға дейін уақыт кететін. Мұндай кешігулер диагнозды уақытылы қою мен емдеуді бастауда елеулі қиындықтар туғызатыны жасырын емес. Енді телепатологияның көмегімен мамандар қысқа мерзім ішінде жоғары деңгейлі сараптамалық қорытынды алып, дәл әрі тиімді емдеу тактикасын таңдай алады.
Сонымен қатар, зерттеулердің цифрлық форматта жүргізілуі мәліметтерді ұзақ уақыт сақтап, бұрынғы нәтижелермен салыстырып отыруға мүмкіндік береді. Бұл – дерттің даму динамикасын бақылау мен емдеу тәсілін дер кезінде түзетуде аса маңызды. Онкоорталық директоры Жандос Сейдахметовтың айтуынша, телепатология жүйесінің іске қосылуы – аймақтағы онкологиялық көмек сапасын арттырудағы үлкен қадам.
Қамар ҚАРАСАЕВА