Орталыққа заманауи аппарат алынды
Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында иммуногистохимиялық (ИГХ) талдауға арналған заманауи аппарат іске қосылды. Ventana BenchMark GX атты жоғары технологиялы автоматтандырылған жүйе ісік тіндеріндегі ақуыз маркерлерін дәл әрі қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай маркерлерді анықтау — жекелей ем тағайындауда, әсіресе нысаналы, яғни таргетті және иммунотерапияны дұрыс таңдау үшін аса маңызды.
Иммуногистохимиялық зерттеу диагнозды нақтылау қажет болғанда, гистологиялық талдау біржақты нәтиже бермеген жағдайда, жаңа өскін түрі мен метастаздың алғашқы ошағын анықтау үшін қолданылады. Сонымен қатар, бұл әдіс ісіктің қаншалықты қатерлі екенін, өсу қарқыны мен таралу ықтималдығын бағалауға, сондайақ гормондық, химиялық немесе сәулелік терапияға сезімталдығын анықтауға көмектеседі. Бұл ең тиімді емдеу тәсілін таңдауға жол ашады.
Орталықтың патоморфологдәрігері, көпжылдық тәжірибесі бар зертхана меңгерушісі Марина Катышева бұл аппараттың сатып алынуын онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі үлкен серпіліс деп бағалады.
Бұған дейін мұндай зерттеулер өңірде қолжетімсіз еді, енді орталықтың өзінде жүзеге асырылатын болады. Жаңа технологияның енгізілуі – орталық қолға алған пилоттық жобаның бастамасы. Алдағы уақытта зерттеу аясын кеңейтіп, лимфома және өзге де ісік түрлерін диагностикалау жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдықтар дер кезінде әрі дәл диагноз қоюға, емдеу болжамдарын жақсартуға және науқастардың өмір сапасын арттыруға зор көмегін тигізеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА.