«AUYL JASTARY» ФОРУМЫ жарқын бастамаларға жол ашты
Жуырда Түркістан облысы Нысанбек ауылында республикалық «Auyl Jastary» форумы өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен қоғамдық өмірде белсенді жастар шақырылды. Жастардың басын қосқан ауқымды жиынға жамбылдық жастар да қатысып қайтты.
Шара еліміздің әр өңірінен келген белсенді ауыл жастарын біріктіретін кең ауқымды пікірталас алаңына айналды. Жас азаматтардың бастамаларын қолдау, олардың көшбасшылық әлеуетін ашу, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген мемлекеттік басымдықтарды іске асыруға жастарды тартуды мұрат еткен форумда «Auyl» партиясының төрағасы Серік Егізбаев сөз сөйледі.
Жиынға облысымыздан қатысып қайтқан «Ауыл» партиясы облыстық филиалы «Ауыл жастары» Жастар қанатының жетекшісі Төлеби Сағадинов, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің студенттері – Аққанат Болат, Едіге Өсер, Бағлан Төлмахан өздерінің алған әсерлерімен бөліскен еді.
– Әр өңірден келген жастармен пікірлесу, танысу, олардың ұтымды ойларын тыңдау біз үшін қызықты болды. Ауыл – елдің экономикасы және әлеуметтік әлеуетін көтеріп отырған қара шаңырақ қой. Ауылдағы жастардың да тың идеялары, жаңа бастамалары баршылық. Сондықтан бұл форумды идеяластар жиыны деп айтуға толық негіз бар, – дейді «Ауыл жастары» Жастар қанатының жетекшісі Төлеби Сағадинов.
Форумда ауыл жастары Қазақстан Республикасы Президентінің саяси бағыты мен цифрлы Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды бастамаларын қолдап, еліміздегі қоғамдық және Үкіметтік ұйымдарға, жастар қауымдастықтарына Үндеу жариялады.
Ерман ӘБДИЕВ.