Ерекше жандарға құрмет көрсетілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінетінін айтты. Осы орайда ерекше жандарға лайықты қолдау көрсету ісі де жалғасын таба бермек.
Елімізде қазан айының екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдардың күні болып белгіленген. Осыған орай облыстық әлеуметтік оңалту орталығының мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағанбетова ашып, жасалып жатқан қолдауларға кеңінен тоқталды.
Мұнан соң Amanat партиясы облыстық филиалы идеология бөлім басшысы Берік Төлеуішов, «Мүгедектердің жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Тараз қалалық мәслихаттың депутаты Әйгерім Даулетбаева сөз алып, атқарылып жатқан жемісті жұмыстар жөнінде айтып өтті. Жиында қоғамдық өмірге белсене араласқан бірқатар ерекше жандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Amanat партиясы облыстық филиалы Атқарушы хатшысының Алғыс хаты және қоғамдық ұйымдардың Құрмет грамоталары тапсырылды. Жиын соңында көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Орталықтың музыка жетекшісі Батыр Бабасов хор ұжымының сүймелдеуімен патриоттық әндер шырқалды. Орталық қызметкерлері мейірімділік пен қамқорлық тақырыбына сай көріністер қойды. Төл мерекесіне орай марапат алған жандардың бірқатарын сөзге тарттық.
Ерекше жандарға арналған іс-шаралар Тараз қаласындағы және аудандардағы өзге де әлеуметтік орталықтарда жалғасын тапты.
Есет ДОСАЛЫ